Қаратөбе ауданындағы Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейінде елге кеңінен танымал болған қарымды қаламгер, ақын, өлкетанушы журналист, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Қайыржан Төлегенұлының туғанына 80 жыл толуына орай «Шежіре кеуде – шың ғұмыр» атты еске алу кеші өтті.
Еске алу кешінде Қайыржан ағаның зайыбы Рысты Хәкімқызы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалыгерей Қажыгерейұлы сөз алып, ағаның адамгершілік асыл қасиеттері мен шығармашылық жолындағы еңбектері туралы әңгімелеп, алтын уақыттарын бөліп, шараға келген ағаның кезіндегі көршілері, жұмыстас болған інілеріне ризашылығын білдірді.
Елі сыйлаған ердің қасиетті жұмадағы еске алу кешінде ағаның рухына құран бағышталып, шараға қатысушылар шелпектен ауыз тиді.
Еске алу кешіне ағамен кезінде көрші тұрған інілері ардагер ұстаздар Бейбіт Сағынғалиев пен Сәния Тынымжанова, Халық Наурызалин, Темір ауылының тұрғындары, ауыл зейнеткерлері Махсот Қуанышев пен Жанат Қуанышевалар, Қайыржан Төлегенұлымен кезінде әріптес болған сала ардагері Берік Қалкенов, зейнет демалысындағы денсаулық сақтау саласының ардагері Сақыпжамал Мергенқызы және Рысты апаның бауыры, ағаның балдызы Баян Хәкімқызы Қайыржан аға туралы естеліктерімен бөлісті.
Бейбіт, Махсот ағалар кезінде өзара ынтымақта болған көршілердің қызықты сәттерін әңгімелесе, Халық аға ағаның өлкетанудағы зерттеу жұмыстарымен айналасқыны жөнінде деректер келтірді.
– Қазір өлкетанушылар көп. Мен өзім Қаракөл ауылдық округіндегі «Шыңғыс» мұнай кеніші орнын зерттеуге ағамен бірге қатыстым. Қайыржан Төлегенұлын нағыз өлкетанушы деп айтар едім, - деді Халық Қанатұлы.
Аға туралы естелік әңгімелер арасында ағаның сөзіне жазылған «Жан-жарым» әнін Сәнжан Байтеміров, «Қаратөбем» әнін Жарқын Байтеміров орындап, еске алу кешіне қатысушылардың қошеметіне бөленді.
Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 8 сынып оқушылары Шұғыла Төлеген және Жанерке Дарғали Қ.Төлегенұлының «Кел, өлең», «Жарық еткен жасын ба едің?» өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтып берді.
Еске алу кешін ұйымдастырған Сәбит Қайыржанұлы ағаның көзі тірісінде көршілерімен, әріптестерімен бірге түскен суреттерді шараға шақырылғандарға сыйға тартты.
Еске алу кеші Сәбит Хасановтың шаңырағында жалғасып, ас берілді. Кешке қатысушылар әке құрметіне арналған шараны ұйымдастырған шаңырақ отағасы Сәбит пен жолдасы Анаргүлге ризашылықтарын білдірді.
Ерболат Мырзағұлұлы,
Қаратөбе ауданы