Спорт мерекесіне орай Қаратөбе ауданы орталығындағы алаңда кермеге тартылудан «TARТYL FEST QARATOBE» аудандық жарысы өтті.
Тұңғыш рет өткізіліп жатырған атаулы шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Шараны ұйымдастырушы «Қаратөбе» спорт клубының әдіскері Шоқан Аманжанов сап түзеген спортшыларды жарыс тәртібімен таныстырды.
Кермеге тартылу жарысына 16-25, 26-35, 36-48 және 49 жастан жоғары жас ерекшеліктері бойынша 40-тан астам спортшы қатысты.
Тартысты жарыста қаратөбеліктердің спортқа деген құлшынысының жоғары екендігі көрініс тапты. Жастармен қатар жасы 60-қа таяп қалған аудан азаматтары да жеңіс тұғырынан көрінді.
Сайыс қорытындысында төзімділік танытытып, кермеге тартылудан оза шыққандар жас ерекшеліктеріне қарай І, ІІ, ІІІ орындарды иеленді.
Жарыс ережесіне сай 16-25 жас аралығындағы аудан жастары арасынан егіндікөлдік Жангелді Жұбанов, 26-35 жас бойынша үшағаштық Дәулет Хамзин, 35-48 жастағы спортшылардан шөптікөлдік Данияр Исполов, 49 жастан жоғарылар арасынан Махамбет Қажыгереевтер топ жарып бірінші орындарды иеленді.
Жарыс жеңімпаздары медаль және дипломдармен марапатталды.
І орынға 20 мың теңге, ІІ орынға 10 теңге, ІІІ орынға 5 мың теңге ақшалай сыйлықтар табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлделі орын алған спортшыларды марапаттау рәсімін «Қаратөбе» спорт клубының директоры Екпін Тналиев жүргізді.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz