Қаратөбе ауданы орталығындағы «Қаратөбе» спорт клубының жаттығу залында «Жас ұрпақ салауатты өмір салтын таңдайды» тақырыбында нашақорлыққа қарсы акция өтті.
Орталық алаңға келіп тоқтаған автобус ішіндегі аудандық аурухананың дәрігерлерінің тексерісіне алғашқылардың бірі болып аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан қатысты.
Іс-шараның ашылу салтанатында ең әуелі мемлекеттік туымыз көтеріліп, гимн орындалды.
Жастарды ғасыр дерті зиянды әрекеттерден аулақ болуға, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақырған атаулы іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан акцияның ашылу салтанатымен құттықтады.
– Бүгінде дүние жүзін алаңдатып отырған бұл кеселдің алдын алуға өз үлестерімізді қосу басты міндетіміз саналады. Әрқайсымыздың денсаулығымыз өз қолымызда. Ол үшін денсаулық кепілі болып саналатын спортпен шұғылданып, шынығуымыз керек. Жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстап, уақытты тиімді пайдалануымыз қажет. Ауданда спорт саласына ұдайы қомақты қаржы бөлініп келеді. Өз денсаулығымызды өз қолымызға алуымызға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау жасалып жатыр. Жат қылықтардан әркез сақ болып, баршаңызды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын, – деді Жасұлан Кәрелұлы.
Аудандық мәдени-демалыс орталығы, білім беру бөлімі, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бір топ жастар ортаға шығып «Жарқын шақта өмір сүр» атты флешмоб, көңілді би көрсетіп, әуен ырғағымен спорттық жаттығулар жасады.
Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы «Денсаулық – өмір негізі» - атты ашық кітап көрмесімен таныстырды. Көрмеге денсаулық туралы көптеген кітаптар мен журналдар қойылған.
Ал аудандық аурухананың қызметкерлері «Есірткісіз болашақ» тақырыбында жастарға түсіндірме жұмысын жүргізсе, аудандық полиция бөлімінің өкілдері нашақорлыққа қарсы арнайы ақпараттар жазылған үнпарақтар үлестірді. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың мамандары жастар мен оқушылар арасында нашақорлыққа қарсы тұру, кеселдің алдын алу бағытында сауалнамалар жүргізсе, «Қаратөбе» спорт клубының әдіскерлері залға жиналған жұртқа «Шынықсаң шымыр боларсың» атты спорттық жаттығулар жасатты.
Акция барысында ауыр атлетикадан облыс чемпионы, халықаралық турнирдің жүлдегері балғын спортшы, Асқар Ақниет зіл темірді жұлқып көтеру және серпілте көтеру әдістерін көрсетіп іс-шараға қатысушылардың ыстық ықласына бөленді. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында кермеге тартылу жарысы өтті.
Бұл жарыста кермеге 22 рет тартылған Мұхит мектебінің оқушысы Тілеуберді Жолдан жеңімпаз атанды. Ал ІІ орынды кермеге 19 рет тартылған Бейбарыс Мағзом, ІІІ орынды кермеге 16 рет тартылған Жұбаныш Мақаш иеленді.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz