3.12.2025, 19:00
Оқылды: 30

Қаратөбеде «Өмірге келсем қайта мен» атты еске алу ән кеші өтті

Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында ҚазССР-не еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор, Қаратөбенің құрметті азаматы Мұхамбетияр Нысановты еске алуға арналған «Өмірге келсем қайта мен» атты ән кеші өтті.

WhatsApp Image 2025-11-27 at 17.17.28 (3)

Композитор – халықтың рухани болмысын, мәдениетін, дәуір үнін музыка арқылы жеткізеді. Әрбір туынды – белгілі бір кезеңнің көркем айнасы.

М.Нысанов 1958 жылы каратөбелік, облыс ақыны Хамит Әділовтың сөзіне жазылған «Орденді Қазақстан» әнімен облысқа, республикаға белгілі болды. Бұл ән тыңдаушыларынан жоғары баға алды. Содан кейін ағаның ақын Берқайыр Аманшиннің сөзіне жазылған «Гурьевтік Гузал қыз», Күләш Ахметованың сөзіне жазылған «Орал кеші», Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Өмірге келсем қайта мен» тағы да басқа әндерін тыңдарман қауым жылы қабылдады. 1987 жылы Алматыда өткен әндер эстафетасында М.Нысановтың оралдық ақын Ғайсағали Сейтақтың сөзіне жазылған «Әдемі едік» әні Алматы жұртшылығынан жақсы бағаға ие болды. М.Нысановтың алпыстан астам шығарған әндері бар.

Бірнеше фестивальдердің лауреаты, СССР Композиторлар одағынан алған дипломы бар. Қазақ ССР авторлар қоғамының есебінде бар.

«Қазақ ССР-ның кино қызметкерлерінің үздігі» белгісімен марапатталды. Мұхамбетияр Нысановтың өнер саласындағы ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, оған 1990 жылы «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағы берілді. Бұл құрметті атақ көркемөнерпаздық шығармашылықты дамытудағы жетістіктері және мәдени-ағарту жұмысында жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін берілген еді.

WhatsApp Image 2025-11-27 at 17.17.28 (13)

Сазды кеште сөз алған аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев:

– Бүгін біз, ғасырға жуық тарихы бар, құт дарып, кие қонған қасиетті Қаратөбе ауданының киелі топырағында туып өскен, Қаратөбе ауданының «Құрметті азаматы», ҚазССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор Мұхамбетияр Нысанов ағамыздың жарқын бейнесін, өмір жолын, артында қалған бай музыкалық мұрасын еске алу үшін бас қосып отырмыз.

Бұл кеш – ұлт өнерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаға деген құрметтің, халық жүрегіндегі ризашылықтың айқын көрінісі.

Мұхамбетияр Нысанов табиғи дарынымен, терең білім-тәжірибесімен, шығармашылық ізденісімен қазақ музыкасына өзіндік өрнек қалдырған біртуар композитор. Оның әндері мен музыкалық туындылары халқымыздың рухани әлемін байытып, талай буынның жүрегіне жол тапты. Ол шғырмашылықпен қатар, жас өнерпаздарды тәрбиелеп, олардың өнер жолына жол ашты.

Біздің аудан үшін Мұхамбетияр ағамыздың орны бөлек. Ол осы өңірдің табиғатынан да, халқының болмысынан да шабыт алып, төл мәдениетімізді насихаттауға ерекше еңбек сіңірді. Сондықтан бүгінгі кеш тек еске алу шарасы емес, жас ұрпақты өнерге, рухани құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелейтін тағылымды бас қосу, - деді.

Кеш барысында уақыт сынынан өткен, жүрекке жақын да әуені терең әндері жаңаша өңделіп, тыңдарманға қайта ұсынылды. Сонымен қатар, композитордың әндерін алғаш орындаған өнерпаздар Бейбіт Сағынғалиев, Әлия Жұбашева сазды кешке арнайы қатысып, жүректерінде сақталған естеліктерімен бөлісіп, сағынышпен сыр шертті.

Ән өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Мұхамбетияр ағамыздың мол мұрасы – кейінгі ұрпаққа қалдырылған баға жетпес рухани қазына.

WhatsApp Image 2025-11-27 at 17.21.17 (3)

Дарынды композиторды еске алуға арналған кеште М.Нысановтың  «Туған ауыл» әнін Е.Олжағали, «Жан қалқа» әнін Ә.Меңдіғали, «Қырманшы қыз» әнін Е.Ғазиев, «Мұңаясың неге сен» әнін М.Байтемірова, «Орал кеші» әнін Н.Салауат, «Орденді Қазақстан» әнін Р.Жұмағалиева, «Жастық» әнін М.Әжіғалиев, «Ақ бақай - ән өлкем» әнін А.Исмагуова, «Әдемі едік» әнін дуэт Г.Жәрдем мен Н.Нұрбекқызы, «Өмірге келсем қайта мен» әнін А.Ишанова,  «Жан жарым» әнін С.Байтеміров, «Сырыңды айтшы» әнін Т.Қыдырғалиев пен Н.Нұрбекқызы, «Гурьевтік Гузал қыз» әнін «Арын» тобы шырқады. Концерттік бағдарлама «Мерейлі мереке» әнімен қорытындыланды.

WhatsApp Image 2025-11-27 at 17.17.28 (2)

Жиналған жұртшылық сырлы әуенге бөленіп, әрбір туындыны ерекше ықыласпен қабылдады. Сырлы сезімге толы рухани кеш қорытындысында М.Нысановтың ұлдары Есенжан Нысанов пен Есенаман Нысанов әкесінің еске алуға арналған кешін ұйымдастырушы аудан әкімдігіне, мәдени қызметкерлерге алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.

Өмірі мен өнері – тұтас бір өнеге болған тұлғаны ұлықтаған әсерлі кеш көптің жүрегінде айрықша із қалдырды.

Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале