Жыл сайын Қаратөбе ауданында орта және шағын бизнесті дамыту жобалары жүзеге асып жүр. Көптеген азаматтар өз кәсібін ашып, тұрғындар алғысына бөленуде. Осы орайда ауданда өз кәсібін ашып отырған жас кәсіпкерлердің бірі Тоқтар Мерекеұлын ерекше атап өтуімізге болады. Бұған дейін Тоқтар аудан орталығында «MG» сауда кешенін салып, қазіргі таңда аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде.
Бүгін аудан орталығында «Район центр» сауда кешені аудан тұрғындарына өз есігін айқара ашты. Ашылу салтанатына Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Орынбасарұлы, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешов және бірқатар бөлім басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.
Ашылу салтанатында аудан әкімі сөз сөйлеп, осынау ашылғалы тұрған ғимараттың халыққа сапалы қызмет етудегі орны мен маңызына тоқталса, қаратөбелік Жауғашар Сабырұлы бұл сауда кешенінің өзі аудан тұрғындарының қажеттілігіне қызмет ететіндігін, әр тұрғынға қажетті заттарды осы жерден алуға болатындығын жеткізіп, жеке кәсіп иесі Тоқтар Мерекеұлына сәттілік тіледі.
Жаңадан ашылған сауда орталығының лента қию рәсімін аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы мен жеке кәсіпкер Мереке Шайжанұлы жүргізді.
Лента қию рәсімінен кейін аудан әкімі ғимараттың ішкі жағдайымен танысып, жеке кәсіпкер Тоқтар Мерекеұлының кәсібіне береке тіледі. Жеке кәсіпкер Тоқтар Мерекеұлының айтуынша:
– Қазіргі таңда бұл орталық тұрғындарды құрылыс материалдарымен және күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен, сондай-ақ көлікке арналған керек-жарақтармен қамтылып отыр. Ғимараттың аумағы 900 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда ғимаратты толық жөңдеуден өткіздік. Негізінен тұтынушыларымыз аудан тұрғындары мен жақын елді мекендердің халқы. Тауардың құнын да халықтың қалтасы көтеретіндей тиімді. Тұтынушылар қалаға барып шығындалмай, аудан орталығында да қажетті заттарын тез әрі оңай табулары үшін тиісті жағдайларды қарастырып отырмыз. Қазіргі таңда орталығымызда 8 адам қызмет жасайды, - дейді.
Ауданда ашылған сауда кешеніне келуші аудан тұрғындары көп болды. Ауыл тұрғыны Жадыра Елбаева: «Бұл сауда кешені қолжетімді бағада халыққа өз өнімдерін ұсынып отыр. Бұл өте игілікті бастама. Елімізде осындай сауатты, білімді кәсіп иелері көбие берсін,» деген ақжарма тілегін жеткізді.
Сонымен қатар, жаңадан ашылған сауда кешенінде құрылыс, автакөлікке қажетті бұйымдарды «Альфа банк» қосымшасы арқылы да несиеге бөліп төлеу жағдайлары қарастырылған.
Әмірбек Жәнібеков,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz