Бүгін Ғ.Құрманғалиев атындағы Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде Республика күні мерекесіне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды.
Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Сұлтан қаратөбеліктерді Республика күні мерекесімен құттықтап, елеулі еңбектерімен көрінген бір топ сала қызметкерлерін марапаттады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылдан бастап Республика күні – еліміздің басты мерекесі ретінде қайта аталып өтуде.
Бабалар аңсаған бақыт бастауы болған тәуелсіздік – елдің баға жетпес байлығы. Ал, Республика күні тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры болмақ.
Тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген елімізді бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Біз мұны зор мақтаныш сезіммен айтамыз.
Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап мемлекетіміздің ел болып қалыптасуына, бүгінгі қол жеткізген жетістіктерінде Қаратөбе халқының да қосқан үлесі зор. Қай салада болмасын ауданымыздың экономикасы, халықтың тұрмыс деңгейі артып келеді. Бұл бірлік пен татулықтың арқасында қол жеткізген ортақ еңбек.
Бұл күн – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Осындай маңызы бар тарихи думанда еліміздің туы асқақтап, келешегі көркейе берсін! - деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Кәрелұлы.
Мерекеге орай ауданның түрлі саласында қажырлы еңбек етіп жүрген Қанат Кәдіржанұлы, Тұрарбек Самиғоллаұлы, Зәмзагүл Байшеркешқызы, Ершат Орынбасарұлы, Равиль Алтайұлы, Марат Асқарұлы, Әділбек Ынтағалиұлы сынды қызметкерлерге аудан әкімінің алғысхаты табысталды.
Салтанатты жиын аудан көркемөнерпаздарының "Еңсесі биік – егеменді ел" атты мерекелік концертіне ұласты.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz