Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округінде мектеп түлектерінің ұйымдастыруымен «Шипалы алақан» акциясы өтті.
Әр жылда дүниеге келіп, бүгінде ақ халатты абзал жандар атанып жүрген жерлестер ат басын туған ауылдарына тіреді. Алтыннан да қымбат уақыттарының бір күнін ауылына арнаған жандар алдымен халықпен кездесіп, балалық шақтарын естеріне алып, ән шырқап әңгіме-дүкен құрып, мектеп бүлдіршіндерінің жүрек жарды өлең жолдарын тыңдады.
Өздері білім алған мектеп ауласына ауыл жастарымен бірігіп көшеттер отырғызды. Одан кейін ауылдық фелдшерлік пункте халықты тегін қабылдап, медициналық кеңестер берді. Адам жанының арашасы болып жүрген ақ халаттылардың есігінің алдындағы кезек таусылмады. Әр тұрғынды жеке-жеке қабылдаған дәрігерлерге ауыл халқы дән риза.
Ауыл тұрғындарын дәрігерлік тексеруден өткізгендердің қатарында белгілі
кардиохирург Жанайдар Қазтуғанов, анестезиолог Мерболат Жұмағұлов, невролог Айгүл Мағзомова, терапевт Майра Қазбаева, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша департаменті, МӘС жөніндегі басшының орынбасары Ардақ Мұқанова сынды өз ісінің шебер мамандары бар.
– «Туған жерге бір себің тисе, сен де бақыттысың» деген, осы жерден түлеп-ұшып, бүгінде медицина саласында еңбек етіп жүрген бір топ жерлес жиналып, өскен ауылымызға келіп отырмыз. Негізгі мақсатымыз, аудан, облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекен тұрғындарын медициналық тексерістен өткізіп, кеңестер беру. Халық денсаулығы қашан да бірінші орында тұруы тиіс. Сондықтан, біз бұнымен тоқтап қалмай, осы акцияны жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді Ардақ Мұқанова.
Ажаргүл ӘЛИЕВА,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!