15.11.2024, 0:00
Оқылды: 101

Қаратөбеде «Тары Fest – 2024» байқауы өтті

Қаратөбе ауданына қарасты Жусандыой ауылдық округінде тары өсіру және оның ұлттық тағам ретінде маңыздылығын насихаттау мақсатында ауданда алғаш рет «Тары Fest – 2024» байқауы өтті.

image-14-11-24-06-37-7

«Тары Fest» – бұл ауыл шаруашылығы мен дәстүрлі қазақ тағамы – тарыға арналған мереке. Бұл мереке ұлттық тағамдарымызды және тары дақылын ел арасында насихаттауға бағытталған. Тары – ежелден халқымыздың қазынасы, береке-бірліктің символы болған асыл да қасиетті дақыл.

image-14-11-24-06-37

Байқауда аудан әкімі аппаратының басшысы Дат Жәнібеков сөз алып, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.

– Тары – адам ағзасына керекті дәрумендердің қайнар көзі. Онда ақуыз жеткілікті. Тарының бағалы да құнарлы дақыл екенін ата-бабаларымыз ертеден білген. Бүгінгі тары өнімін дайындау байқауы ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, болашақ ұрпаққа насихаттау бағытындағы маңызды шара және алдағы уақытта да осындай шаралар көбірек ұйымдастырылса деймін. Ауданымызда әлі де болса тары қуырып, келсап түйетін аналарымыз, апа-жеңгелеріміз бар екені көз қуантады. Бүгінгі байқауға қатысушы барша азаматшаларға сәттілік тілеп, қуырған тарыларыңыз дәмді болсын, - деді.

image-14-11-24-06-37-8
Байқау «Қуырылған тары – қазақтың ұлттық жеңсік асы» – Тары қуырудың арнайы әдістері мен оның дұрыс дайындалу жолдары, «Тары тағамдарының ұлттық мұрасы» – ( Үйден дайындап алып келген тарыдан дайындалған ұлттық тағамдардың тарихы мен ерекшеліктерін түсіндіру), «Күзгі молшылық- табиғаттың берген сыйы» (Күзгі өнімдерден көрме), «Текті сөздің төресі – терме» – ( әр округтен бір термеші) сынды шаттардан тұрды.

image-14-11-24-06-37-9
Байқауға Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында өткен Республикалық «ТАРЫ FEST- 2023» байқауының 2 орын жүлдегері Гүлбану Қасымова, аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Рысгүл Жұмағалиева, Жусандыой ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Айжан Жолымбетова қазылық етті.

image-14-11-24-06-37-1
«Тары Fest» байқауына ауданның 7 ауылдық округінен тарыны тазалайтын, қуырып, түйетін тарышылар қатысты. Алаңға киіз үйлер тігіліп, бірнеше қазандықтар құрылып, тары қуырылды. Ерекшелігі сол – тары дайындауда өткен ғасырдың тұрмыстық заттары қолданылды. Байқау қатысушылары өздерінің қолдан жасаған туындыларын, қолөнер бұйымдарын, тарыдан жасалған тағамдарын ала келді.

image-14-11-24-06-37-6
Шара қорытындысында қазылар алқасының шешімімен байқаудың І орны Жусандыой ауылдық округіне бұйырса, ІІ орынды Қаракөл ауылдық округі еншіледі. Ал ІІІ орынды Қарақамыс ауылдық округі жеңіп алды.
Байқау жеңімпаздары ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Райымбек Абай

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале