Көктем келісімен көпшіліктің жасыл желекке оранған табиғат аясына асығатыны хақ. Көбіне өзен-көлдердің маңайын төңіректейтіндер тек тынығып қана қоймай, өзен жағалауларын ластап кетеді. Осы орайда Қаратөбе балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының ұйымдастыруымен экологиялық айлық аясында «Таза жағалау» акциясы өтті.
Акцияның ашылу салтанатында экологтар гимні орындалып, «Тіршілікті қорғайық» атты әдеби-сазды көрінісі тамашаланды.
Қоршаған ортаны қорғау мақсатында ұйымдастырылған акцияға үйірме оқушылары мен орталықтың педагогтары ұйымшылдықпен атсалысып, белсенді жұмыс істеді.
Тазалық жұмыстары барысында Қалдығайты өзенінің жағалауы қоқыс-қалдықтардан тазартылып, жаңғырып қалды. Су бетіне қалқып шыққан түрлі сусындардың бос құтылары, жағалауға тасталған қалдықтар жиыстырылды.
– Бұл жазда өзен жағасына демалуға келген тұрғындардың салғырттығын, табиғат-ананы аяламайтындарын көрсетеді. Егер демалушылар қоршаған ортаның тазалығын ойлайтын болса, осыншама қоқыс болмас еді. Сондықтан біз осы акция арқылы жұртшылықты тазалық сақтауға шақырамыз, - дейді орталықтың экология бағыты бойынша ұйымдастырушы педагогы Гүлнұр Ғабдушева.
Тоты ЕСҚАЙЫРОВА
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz