28.09.2022, 19:03
Оқылды: 36

Қаратөбеде ұстаздар мерекесі аталып өтті

Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде «Ұстаз – жарық күні ғаламның...» тақырыбында ұстаздар мерекесі аталып өтті. 

IMG-20220928-WA0068

Мұғалімдер мерекесіне арналған салтанатты шара Қаратөбе мектеп-гимназиясының оқушыларынан құрылған «Өрнек» би ансамблінің  орындауындағы қазақ биімен ашылды.

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев:

IMG-20220928-WA0069

– Мемлекет басшысы үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектептердің мәселелерін шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды.

Жалпы аудан бойынша үстіміздегі жылы су тасқынынан зардап шеккен Шалғын ауылына 60 орынға арналған мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Жоба құны – 766,8 млн. теңге. Сонымен қатар Ханкөл, Соналы ауылдарына жаңадан жалпы орта білім беретін мектеп салу биылғы жылы КПО б.в. компаниясы қаражаты есебінен салынатын шағын жинақты мектептер құрылысы тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда жаңа мектеп құрылысының сметалық құжаттамалары оң қорытынды алып, мердігер анықтау бойынша конкурстық құжаттамалары дайындалуда.

Құрметтi білім саласының қызметкерлері, сала ардагерлері! Сiздер ауданымыздың балаларын оқытуда талмай еңбек етiп, бiлiммен сусындатып, елiмiздiң дамуына атсалысып келесiздер. Баршаңызды бүгiнгi мерейлi мерекелерiңiзбен құттықтай отырып, абыройлы істеріңізге табыс, денсаулық, бақ-береке тілеймін, - деді.

IMG-20220928-WA0070

Кезегінде сөз алған ақын, ұстаз, «Ақберен» жас ақындар мектебінің негізін қалаушы Талап Таймасұлы, Қаратөбе мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бибігүл Амангелдіқызы аяулы ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтап, естеліктер мен қазіргі мұғалімдердің білім берудегі мақсат-міндеттеріне тоқталды.

Абыройлы қызмет атқарған қадірлі ұстаздарды аудан әкімі Қ.Орынбасарұлы облыстық білім жүйесіндегі педагогикалық шеберлігі, шығармашылық ізденісі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» Мұхит атындағы ЖОББМ-нің Жансұлу Матаева, Жамбыл мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің биология пәні мұғалімі Елдос Өтеген, Қалдығайты ЖОББМ-нің бастауыш пәні мұғалімі Рысты Есқалиева, Б.Қаратаев атындағы ЖОББМ-нің дедагог-психологы Талжібек Ахметжанова және бірнеше ұстаздар марапатқа ие болды.

ұстаздар күні (9)

Ауданымызда білім беру жүйесін дамытудағы және жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға қосқан үлесі мен табыстары үшін аудан әкімінің алғысхатымен Үшағаш негізгі орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлсая Ақдөңова, Мұхит атындағы ЖОББМ-нің бастауыш пәні мұғалімі Венера Ниязова, «Жазира» балабақшасының тәрбиешісі Индира Жалғасбайқызы, Қаратөбе колледжінің арнайы пән оқытушысы Аслан Серікұлы сынды бірқатар қадірлі ұстаздар марапатталды.

Мерекелік шара барысында аяулы ұстаздары мен алтын ұя мектептерін жырға қосып жүрген жерлес ақындар Т.Таймасұлы, Т.Арғынғали, Р.Өтеповтердің экран арқылы бейне құттықтауы көрсетілді.

IMG-20220928-WA0071

Мерекелік шарада мектеп оқушылары ұстаздарға арналған өлеңдер мен әндерді шырқап,  Қаратөбе балалар музыка мектебінің ансамблі Түркештің күйі «Көңілашар», Ә.Желдібаевтың «Еркесылқым» тартып, көтеріңкі көңіл сыйлады.

Кеш соңында талай шәкіртті үлкен өмірге қанат қақтырған ардагер-ұстаздарға құрмет көрсетіліп, сыйлықтар ұсынылды.

                                             Райымбек Абай,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале