1 наурыз – «Нұр Отан» партиясының құрылған күніне орай Қаратөбе ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиялының төрағасы Жанат Асантаевтың төрағалығымен салтанатты жиын өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары, филиал төрағасының бірінші орынбасары, саяси кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, ардагерлер мен жастар жиналды.
- 1999 жылдың 1 наурызында негізі қаланған партия еліміздегі салмақты саяси ұйымға айналды. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы жауапты саяси күш ретінде барлық қиындықтар мен сынақтарды халықпен бірге бөлісіп, еліміз үшін күрделі әрі өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдады. Ең бастысы елдің баянды болашағына берік іргетас қалайтын басты құндылықтар қалыптасты, - дейді Жанат Асылханұлы.
Жиында сөз алған филиал төрағасының бірінші орынбасары Н.Оразов «Баршаңызды бүгінгі көктемнің алғашқы күнімен құттықтаймын! Осы шуақты күнде біз екі мейрамды – Алғыс айту күні мен Партия күнін атап өткелі отырмыз. Бұл екі мейрамды мерекелеу – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының іске асырылуына, елімізде тыныштық пен үндестік, бейбітшіліктің нығаюына негіз болуы тиіс. Сондықтан да баршаларыңызды бүгінгі мейірімді мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Ауданымызда тұратын этностар мен ұлыстардың достығы берік болсын! «Нұр Отан» партиясының алға қойған мақсаттары орындала берсін!» деп партияластарды мерекелерімен құттықтап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жиын барысында партияға қабылданған бес жас мамандарға партиялық билет табысталды.
Маралбек Амантаев
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер