Қаратөбе ауданындағы Мұхит атындағы мектепте «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық сыныбы ашылды.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Жанат Асантаев:
– Елін, жерін сүйетін ұрпақ тәрбиелеу алға қойған мақсатымыздың бірі. Мектептен жалпы саны 21 оқушы іріктеліп алынды. Атап өтсек озат оқушылар, көп балалы және аз қамтылған отбасының балалары мен ата-анасы әскери қызметте болған балалар қабылданып отыр. Жас сарбаздар берілген тәлім-тәрбиені бойларына сіңіріп, отансүйгіш, жігерлі азамат болып қалыптасады деп сенемін, - деді.
Сыныптың ашылу рәсімінде жас сарбаздар патриоттық тақырыптағы өлең жолдарын нақышына келтіре айтып, ұрандарын шырқады.
Әскери тәртіпке бет бұрған жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдап, артылған сенімді ақтап шығуға ниетті екендіктерін жеткізді.
Шараның соңында арнайы әскери құрал-жабдықтардан жасақталған көрме және «Жас сарбаз» сыныбының жұмысымен танысты.
Тоты Есқайырова,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер