13.07.2022, 12:45
Оқылды: 34

Қаратөбеде жастар тазалық жұмысын жүргізді

Тазалық мәселесі - қашанда өзінің өзектілігін жоғалтпайтын маңызды шаруалардың бірі. Қоршаған ортаны қорғау, таза ұстау -  адам баласына жүктелген міндет.

тазалык(5)

Осы ретте Қаратөбе ауданында белсенді жастар ауыл тазалығына бейжай қарамай, қоқысты жинауға өз еріктерімен атсалысты. Тазалық жұмыстары әсіресе ауыл тұрғындарының жиі демалыс орнына айналған шағылдың етегінде басталды. Ауылдың белсенді жастары не бәрі 2 сағаттың көлемінде бөтелке, сынған шыны ыдыстар және целлофан пакеттер, сонымен қатар тұрғындар тұтынатын тағамнан қалған бос ыдыстарды жинады. Жиналған пайдасыз қоқыстар әпсәтте үйілген үйіндіге айналып шыға келді. Тұрғындардың қоқысты осылайша шашуы табиғатты қорғау емес, қорлау болатындығы сөзсіз.

Белсенді жастардың жинаған қоқыс қалдықтарының көлемі 2 шағын тіркемеге толды. Шығарылған қоқыстар арнайы полигонға төгілді. Игілікті істің бастамасында жүрген жастар тазалық жұмыстарынан кейін табиғат, туған жер турасында әсем ән орындап, ауыл тұрғындарын тазалықты сақтауға шақырды.

 Біз де тазалық жұмыстарына өз үлесін қосып жүрген белсенді жастың бірі Нұрдана Хамитованың да пікірін білген едік.

– Біздер ауыл жастары, адамдар тастап кеткен көптеген қалдықтарды жинадық. Бұл ауыл тұрғындарының туған жер табиғатына немқұрайлы қарайтындығының белгісі. Егер де әрбір адам өзінің шашқан дүниесін жинап жүрсе, табиғат ластанбайтын еді. Барша жерлестерімді тазалық сақтауға шақырамын,- дейді жалынды жас.

Шара соңыңда жастарға және олардың ата-аналарына жастар ресурстық орталығы және ауылдық округ әкімі атынан алғысхаттар табыс етілді.

Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Берікқали Мұсаның алғысхатымен Мирас Мәлік, Нұрдана Хамитова, Алуа Салауатова марапатталды.

Алғысхатты табыстау рәсіміне аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин, жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушысы Сандуғаш Бұзаубағарова арнайы қатысып, алғыс айтты.

Әмірбек Әлібекұлы,

                                                                              Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале