Облыс әкімі Алтай Көлгінов Қаратөбе ауданы активіне жаңа әкімді таныстырды. Бұған дейін Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып қызмет атқарып келген Жанат Асантаев Қаратөбе ауданының әкімі болып тағайындалды.
Жанат Асылханұлы 1970 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары.
1993 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі техникалық институтының Алматы филиалын, 2002 жылы Х.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Инженер-технолог және заңгер мамандықтары бар.
1993-2002 жылдары нан зауытында технолог, шебер қызметтерін атқарған.
2002-2007 жылдары Астана қаласының соттар әкімшілігінде және ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде қызметтер атқарған.
2007-2010 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің басқарма, департаменттерінде түрлі қызметтер атқарған.
2010-2014 жылдары Алматы облысы Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары, Алматы облысы әкімінің аппаратында бас инспектор, бөлім басшысы қызметтерін атқарған.
2014-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында бөлім басшысы, Батыс Қазақстан облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы.
2016 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов аудан әкіміне Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмалар мен міндеттерді орындауда, аудан тұрғындарының әл ауқатын арттыру жолында табысты жұмыс тіледі.
zhaikpress.kz