Бұл туралы Қаратөбе ауданы әкімі Жанат Асантаев есептік кездесуде айтты. Қаратөбеліктер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыруда бір кісідей атсалысуда.
Былтырдың өзінде жергілікті жерден шыққан меценаттардың қолдауымен 54 жоба жүзеге асқан.
– Ауданның 90 жылдығы аясында түрлі шара ұйымдастырылып, меценаттар мен жерлестер форумы өткізілді. Қаратөбе ауданының тарихынан сыр шертер «Құлпытас сырын ашайық», «Рухани жаңарған Қаратөбе» және «Қасиетті Қаратөбе» атты кітаптар жарыққа шықты. Аудан орталығынан ел азаматтарының қолдауымен екі нысан Астана қаласының 20 жылдығына «Астана» саябағы және жерлесіміз, академик Қажым Жұмалиевтің бюсті ашылды, - деді аудан әкімі Жанат Асылханұлы.
Тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, халық өмірінің барлық салаларын автоматтандыру процестері көптеген саланы қамтып отыр. Бұл бастама қолдау тауып, 2018 жылы ауданда бірқатар іс атқарылды.
Өткен жылдың маусым-тамыз айларында барлық ауылдық округтерде халықты цифрлық сауаттылыққа оқыту курсы ұйымдастырылды. Аудан бойынша 284 адам курстан өтті. Барлық ауылдық округте интернет байланысына қосылған «e-gov» электрондық үкімет порталына кіру үшін өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ашылған.
Қаратөбе ауылында ашылған «Астана» саябағына күн сәулесінен қуат алатын, смартфондар мен электронды құрылғыларды қуаттауға мүмкіндік беретін әрі wifi желісін тарататын заманауи орындық қойылды. Күн сәулесінен қуат алатын 75 дана жарық шам орнатылды.
Былтыр аудандағы 19 мектепке «BilimLand білім платформасы» іске қосылған. Сондай-ақ Қаратөбе мектеп-гимназиясы мен Мұхит атындағы мектеп Kundelik.kz сайтына қосылса, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен гимназияда ІТ-сынып ашылды.
Ажаргүл Әлиева,
Қаратөбе ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер