16-18 ақпан күндері облыстық «Дарын» қосымша білім орталығында оқушылар арасында өткен «Әбіш оқулары» байқауында аудан намысын қорғаған Қаратөбе мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Аяулым Қизатова жүлделі ІІ орынды иеленді.
Мектеп оқушылары арасында Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын насихаттап, жазушының рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге арналған байқау онлайн форматта өтті.
Байқауда Аяулым Қизатова Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романынан, «Шыңырау», «Бәйгеторы» повестерінен мәнерлеп үзінді оқып, қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаға ие болды.
– Оқушымыз Аяулым – талантты, өз пікірін ашық айтатын, сөздік қоры мол, көркем сөз оқуға қабілетті шәкірттердің бірі. Оқушымыз «Әбіш оқулары» байқауының аудандық кезеңінен жеңімпаз атанып, облыстық кезеңде ІІ орыннан көрінді. Ол былтырғы оқу жылында өткен облыстық «Сәкен оқулары» байқауынан да алғыс хатпен марапатталған болатын. Ынталы шәкіртіміздің қанатын кең сермеп, қабілетін жан-жақты қырынан шыңдай беруіне тілектеспіз, - дейді Қаратөбе мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Сембайқызы.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz