Орал қаласында «Өмірлік таңдау» кәсіби бағдар беру, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу республикалық жобасы аясында үздік педагог-психолог мамандары анықталды. Байқауға қатысқан Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің педагог-психологы Айман Андирова «Үздік тренер» атанды.
«Өмірлік таңдау» жобасы - қазақстандық оқушыларды жұмысшы мамандықтарымен таныстыруға бағытталған ауқымды жоба.
Жоба негізінен үш кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде педагогтар оқыту курсынан өтті. Екінші кезең бойынша Мұхит атындағы орта мектептің 8-10-сынып оқушыларына және ата-аналарға арналған семинар ұйымдастырып, 40 оқушы кәсіби бағдарын анықтауға арналған онлайн тестілеуге қатысты.
Жобаға қатысушы 50 педагог-психолог арасында үздік ондық қатарынан көрінген Айман Андирова «Үздік тренер» атанып, Астана қаласында өткен республикалық форумға қатысып келді.
Қаратөбелік маман Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар, Ақтөбе облыстарынан қатысқан педагог-психологтар арасында үздік бестік қатарынан көрінді.
Айман Амандыққызы 8-11 маусым аралығында Санкт-Петербург қаласында өтетін курсқа жолдама алды.
Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,
Қаратөбе ауданы