23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Қаратөбе ауданы полиция бөлімінің бірқатар қызметкері марапатталды.
Мерекелік шара барысында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан сөз алып, полиция қызметкерлері мен сала ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, алғысхат табыстады.
– Ішкі істер органдары мемлекеттік биліктің ең маңызды құрылымдарының бірі ретінде қоғамда құқықтық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие.
Елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтап, беріктікті нығайту мақсатында құрылған қазақстандық полиция қызметі бұл күндері Тәуелсіздігіміздің қастерлі міндеттеріне көлеңке түсірмей, ел тыныштығын сақтауға өз үлестерін қосып келеді. Олардың қатарында, Қаратөбе ауданы полиция қызметкерлері де бар екендігін мақтанышпен айта аламыз.
Әрдайым аудан халқының тыныштығын қырағы күзетіп, оны қорғауға және қылмыстардың белең алуына тойтарыс берудегі кәсібиліктеріңіз, қызмет барысындағы жоғары іскерліктеріңіз, халық арасында заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етудегі жанқияр еңбектеріңіз қандай құрметке болса да лайық, - деді аудан әкімінің орынбасары Ж.Сұлтан.
Айтулы мерекеге орай өткен шарада қызметтерін мінсіз атқарып жүрген аудандық полиция бөлімі қызметкерлері және құқық қорғау саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп зейнет демалысына шыққан Серік Ғалымұлы да Құттықтау хатпен марапатталды.
Сонымен қатар Қаратөбе ауданының полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция майоры А.Елбаев БҚО ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры М.Аблазимовтың №433 бұйрығымен жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің жұмысын ұйымдастыру инспекторы Жанаргүл Ғарифоллақызына полиция капитаны арнаулы атағын табыстады.
Серікбай Хасанов
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz