16.01.2019, 18:16
Оқылды: 57

Қаратөбеліктер Ғарифолла Құрманғалиевті еске алды

Бүгін атақты әнші, композитор, елге еңбегі сіңген өнер саңлағы  Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 110 жыл толуына орай туған жері Қаратөбе ауданындағы Мұхит Мерәлиев атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Ғарифолла – жыр дастан, ән әлемі – нұр шашқан» атты еске алу шарасы ұйымдастырылды.

qaratobe muzei (3)

Шараға кезінде Ғарифолла Құрманғалиевті көре қалған ауыл азаматтары Орынғали Ермекқалиев, Қадыржан Сүйеуғалиев, Нұрлан Оразов, Махсот Ермеғалиев, Рысқали Исмурзин қатысып, оның өмірі мен өнер жолынан әңгіме өрбітті.

Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін насихаттаушы, қаратөбелік әнші Нұршат Исламғалиев әншінің әндерін орындады.

Қаратөбеліктердің мақтанышына айналған дарынды әншінің туысы, ауылдың сыйлы ақсақалы болған Малдыбай Бердіғалиевтің зайыбы Күләш Мұқтарова Ғарекеңнің өнердегі құдіреті мен елге сіңірген еңбегі, адамгершілік қасиеті турасында әңгімелеп, еске алды.

–Ауылға концерттік бағдарламамен келгенде «Елдегі бас көтерген інімнің бірі»,- деп ылғи біздің үйге түсетін. Ол кісімен бірге бірнеше адам келетін. Келген бойда інісі Малдыбаймен төс қағысып амандасып, «келінжан» деп, менің маңдайымнан сүйетін.

         1979 жылы 70 жасқа толып елге келгенінде Ақтайсай ауылына барды. Ол кезде Ақтайсайда қайын інім Молдабай тұрған еді. Молдабай Алматыда оқып жүргенде үлкен кісінің үйінде жатып оқыған болатын. Елге келген ағасына құрмет көрсетпек боп, үйіне шақырды. Клубта концерт берді, концертін тамашалауға зор құштарлық танытқан ауыл халқы ішке сыймай сырттан да тыңдады.

         Ауылға келгеннен кейін Ақтайсай мен Аққозы бағытындағы жол қиылысынан жарты шақырымдай қашықтықта орны төмпешіктерге айналған жерге барып, костюмін шешпестен жерге аунап жатып, «Туған жерім, кіндік қаным тамған жерім» деп көзіне жас алатын,- дейді Күләш Мұқтарова.

         Тағылымды шара соңында музейдің эскурсоводы Дулат Наушекенов Ғарекеңе арналған «Көмейінде күміс жыр» атты көрмемен таныстырды.

 

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале