Қаратөбе ауданы бойынша 19 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істеуде. Аталған учаскелерде дауыс беруге құқығы бар 8045 азамат тіркелген.

Қаратөбе ауданындағы №278 «Жаңа қоныс» референдум учаскесінде дауыс беру таңғы сағат 7-де басталды.
Республикалық референдумның ашылу салтанатын №278 референдум учаскесінің төрағасы Айбат Омаров алғысөзімен ашты.
Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, дауыс беру ашық деп жарияланды.
Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Маулен Қожахметов ағамыз референдум учаскесіне келіп, ең алғаш болып дауыс берді.

Республикалық референдумге түрлі қоғамдық бірлестіктерден, атап айтқанда «Дауыс» қоғамдық бірлестігінен 2 байқаушы, «АMANAT» партиясынан 1 байқаушы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда.

Аудан орталығындағы Мұхит атындағы мектептің ғимаратында орналасқан №278 референдум учаскесіне Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Шайжанов отбасымен келіп өз таңдауларын жасады.

Өнерлерімен көптеген байқауларда жетістіктерге жетіп жүрген Қаратөбе аудандық мәдениет үйі жанындағы әжелер ансамблі ұжым болып дауыс берді.
№278 референдум учаскесі орналасқан мектеп алдындағы алаңда садақ ату ойыны ұйымдастырылды.

Дауыс берушілер садақ атуға белсене қатысты. Өйткені соңғы жылдары аудан тұрғындары арасында садақ атуға деген қызығушылық артып, ұлттық ойынның бұл түрінен қаратөбеліктер түрлі деңгейдегі жарыстарда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы