21.06.2023, 17:00
Оқылды: 53

Қаратөбеліктер Сағадатқа ат мінгізді

Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында киелі сахнада дәстүрлі ән өнерін қырық жылдан астам уақыт бойы насихаттап жүрген Сағадат Рахметжановтың «Сахна осы біздің киеліміз» атты шығармашылық кеші өтті.

 сағадат (6)

Қаратөбе елі – құт дарып, өнердің киесі қонған қасиетті өлке. Үш жүзден ән оздырған Мұхит бабамыз, ән дүлділі Ғарифолла Құрманғалиев, Ескендірдей ән дарабозын тудырған киелі мекен. Сол дарабоздардың бүгінгі жалғасы, дәстүрлі әнші, термеші, Ғарифолла Құрманғалиевтің төл шәкірті ҚР-ның мәдени қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қаратөбе ауданының құрметті азаматы» Сағадат Рахметжанов.

Сағадат ағамыз үнемі шығармашылықтың биігінен көрінген өнер иесі. Оның қоңыр дауыспен шырқаған әндері көңілге көктем орнағандай әсерге бөлейді. Сағадат Ғабднасарұлы – Батыс Қазақстан өңіріндегі дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкілі. Өңіріміздегі дәстүрлі ән өнерінің даму жолында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, дәстүрлі әндермен қатар, Қазақстан композиторларының шығармаларымен қоса Маңғыстау, Қарақалпақ өңірінің термелерімен репертуарын толықтырған кәсіби, дәстүрлі әнші.

сағадат (5)

Сағадат Рахметжанов әншілік өнермен қатар, ұстаздық жолында да қызмет етті. Оның өнерде жүрген шәкірттері Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары. Атап айтсақ, Дастан Есентеміров, Айжан Мұхамбетжанова, Мұрат Аманшиев, Жігер Құмаров, Мұратжан Османов, Еділ Рамазанов және тағы да басқа көптеген шәкірті бар.

Сағадат ағамыз өнердің тарихи тұлғаларының есімдерін дәріптеу жолында коғамдық жұмысқа белсене араласып, көршілес Ресей еліндегі қандастарымызға тілдік құралдар мен ұлттық төл өнерімізді насихаттауда зор үлес қосып келеді.

Шығармашылық кеште С.Рахметжанов Қызылдың әні «Мешін тауық», Қиса Көпжанұлының әні «Қиса», Саттығұлдың «Амандасу», Ығылман Шүреновтың «Жайықтың бойы Сарайшық», Ә.Кердерінің «Насихат» термелерін, «Ағайын» толғауын,  Ұ.Есдәулеттің «Қазақ деген бір ел бар», «Актер» монологтарын орындап, көрермен қошетіне бөленді.

Сонымен қатар кеште дәстүрлі әншінің шәкірттері мультиаспапшы Аслан Ғұмаров, Сиғатолла Ешкаев «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегенов сахна төрінде әсем әндерін орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Шара соңында аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев сөз алып, кеш иесі алғысын жеткізді.

 – Қазақтың дәстүрлі әнінің қаймағы бұзылмаған қалпында осы күнге дейін жетуі өнердің киелі рухы деп білемін. Ән бар жерде өмір бар. Айтқан ән тыңдаушының көңіл пернесін тап басып, сырласы мен мұңдасына айналса  әншінің бағы.

Осы жолда Сіз, өнерге қызмет ету парыз екенін жақсы ұғынып өнер сүйер қауымды ұлтымыздың дәстүрлі әнімен сусындатып келесіз.

Сахнада жүргеніңізге 40 жыл толуына орай ұйымдастырылған кешіңізді кіндік қаныңыз тамған Қаратөбе жерінде өткізуіңіз туған жерге деген ыстық махаббаттың белгісі деп білемін.

Туған жер мен Отанға деген перзенттік парызын ән жырымен арқау етіп, ән қанатында қалықтап, айбынын арттырған Сізге, мазмұнды да жарқын табыстар, шалқар шабыт тілеймін.

Халқымыздың асыл мұрасын дәріптеуге қосып жүрген үлесіңіз үшін шынайы алғысымды білдіре отырып, абыройыңыз асқақ, мерейіңіз үстем болсын деймін, - деп аудан тұрғындары атынан иығына шапан жауып, ат мінгізді.

 

Райымбек Абай,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале