12.08.2020, 12:31
Оқылды: 61

Қаратөбеліктер шөптен тарықпайды

Негізгі күнкөрісі қолындағы төрт түлігі болғандықтан ауыл халқын көктемде мал бағымы мәселесі қинаса, жазда жемшөп қорын дайындау алаңдататыны жасырын емес. Ал оның бағасы жергілікті басылым бетінде жылда жазылып, қозғалып жүрген өзекті тақырып. Қаратөбе аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы міндетін уақытша атқарушы Қанат Бадақовтың айтуынша, биыл шөп бағасы округтерде әртүрлі көрінеді.

BA90C96C-3888-453E-B346-D6F162935F80

Ауданның оңтүстік бетіндегі Аққозы ауылдық округінде бір  бума шөптің бағасы 2700 теңге болса, аудан бойынша ең төмен баға Қоскөл ауылдық округінде – 2000-2500 теңге. Саралжын ауылдық округінде бір бума шөп 5000 теңге, аудан орталығында 3500-4000 теңгеге бағаланып, сатылып жатыр. Салыстырып қарасақ, аудан бойынша ең қымбат шөп Саралжын ауылдық округінде екен.

– Қоскөлде биыл шөп жақсы шықты. Сол себепті бір бума шөп 2000-2500 теңгеден сатылып жатыр, – дейді аталмыш  ауылдық округ әкімі Қанат Мұқанов.

Жалпы қазіргі күні аудан бойынша 110 290 гектар жердің шөбі шабылып, одан 33 370 тонна өнім алыныпты. Биыл аудан бойынша 71 500 тонна шөп дайындау көзделіп отырса, өткен қыстан 15 270 тонна шөп қалыпты. Яғни қазірдің өзінде жылдық  жоспар 68 пайызға орындалыпты. Ал Егіндікөл, Жусандыой, Ханкөл, Шалғын ауылы тұрғындары 50 пайыз шөппен қамтылыпты. Тек биыл Сулыкөл ауылдық округінде ғана шөп шықпай қалған. Оларға  басқа округтерден мал азығын тасымалдау ұйымдастырылуда.

Ерболат Мырзағұлұлы,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале