Осыдан он шақты күн бұрын, дәлірек айтқанда 23 шілде, сағат 12:37 шамасында Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылының маңында тылсымға бергісіз оқиға болды.
Қаратөбе ауданының тұрғыны Тінәлиев Екпін есімді азамат биікте қалықтап ұшқан адамның бейнесін қашықтан болса да ұялы телефонына түсіріп үлгеріпті.
Қаратөбе ауданының тумасы Нұртас Сафуллинмен хабарласқан Екпін Тінәлиев:
- Азамат есімді танысым екеуміз Ханкөлге жақын орналасқан шаруашылық басына таяп қалған едік. Кенет 100 метрдей қашықтықтан, жол жиегіне жақын тұстан жерден тіке көтерілген бір бейнені көзім шалып, мәшине айдап келе жатқан Азаматқа «Дронды қара!» дедім. Ол көрген бойда «Жоқ, бұл дрон емес» деп сенімді сөйледі. Сөйткенше алдыңғы жағымыздан көрінген бейненің тұсына жақындап та қалдық. Кәдімгі адам. Көтерілген биігінде, бір орында азырақ қалықтап тұрды да, Ханкөл ауылының бағытына қарай ұшып кете барды. Ауада адымдағандай қимыл жасап бара жатқан адамның бейнесі анық көрінді. Сол ұшқаннан Ханкөл ауылының үстінен өтіп, әбден ұзап, бір нүктеге айналып, көзге көрінбей кеткенше қарап тұрдық.
Алғашқы сәттерде телефонға жармасып, бейнені анықтап түсіру ойымызға келмепті. Бірақ кейін ұялы телефонымның камерасын барынша жақындатып алатын бабына келтіріп, алыстан болса да түсіріп үлгердім.
Ғылымы дамыған шетелдерде адамдар шағын құрылғылар арқылы ұша алатын мүмкіндікке ие болды ғой («Flyboard Air» автор.)
Мен әлгі бейнені сондай құрылғымен биікке көтерілген адам екен деп қалдым. Бірақ мен көрген ондай құрылғыларға адам қос аяғын тең ұстап, мініп тұратын. Әлгінің ауада адымдағандай қимыл жасап бара жатқанына түсіне алмай аң-таң болдық, - дейді.
- Бұл оқиғаны өзге біреу айтса сенер ме едім, сенбес пе едім... Бірақ Екпін деген жерлес азамат болған оқиғаны боямасыз суреттей алатын, сөз қадірін түсінетін, салмақты жігіт. Өз басым оның баяндаған оқиғасына күмәнсіз сендім, - дейді тылсымға бергісіз оқиға жөнінде ақпар жолдаған Нұртас Набиоллаұлы.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz