24.07.2024, 16:15
Оқылды: 257

Қараусыз иттен қауіп көп. Шыңғырлауда қандай шаралар қолға алынды?

Шыңғырлау ауданында тым көбейіп кеткен қаңғыбас иттер жайы өзекті мәселеге айналып отыр. Бірнеше тұрғындардың ауласына кіріп, малы мен құсын қырып кеткен жағдайлар тіркелді.

451713774_1906997579712001_6135357236543315136_n

Иә, қараусыз үй жануарларының топтасып, тұрғындарға қауіп тудыруы бір бұл емес, бұдан екі  жыл бұрын да аудан тұрғындарынан топтасқан иттердің ауладағы құстарын қырып кеткендігі жөнінде шағымдар түскен болатын. Тағы қайталанып тұрған бұл жағдайдың осы жолғы зардабы тым көп.

Шыңғырлау ауылындағы Көкжайлау көшесінің  тұрғыны А.А-ның 10 бас қойын тамақтап, талап қырып кеткен. Аман қалған қойынан тағы біреуі шығын болған. Бұдан басқа 40-тан аса тауығын жоғалтқан, қаз-үйрегі кеткен тұрғындардан шағым бар. Топтасқан иттер көзге түспей, таңғы талмау ұйқы тұсында, кәнігі жыртқыштардай әрекет етеді екен. Сондықтан да көзге түспей келген. Алайда, байқап үлгерген кейбір тұрғындардың айтуынша, аңшы иттері және қарапайым қайыңқаптал тұқымды топ иттердің қойларды қуалап, тістелеп жүргенін көрген. Яғни, нақты ауыл көшесінде қараусыз жүрген бұралқы иттердің тірлігі.

– Мен ауладағы малымды өсіріп отырған қарапайым тұрғынмын. Қанша жылғы еңбекті бір күнде жоқ қылып, 11 бас қойымды ит талап кетті. Бұған кім жауап береді? Жергілікті атқарушы органдармен кездесу, жиын сайын айтамыз иттердің тым көбейіп кеткенін. Ақыры не болды, қанша малды қолдан беріп отырмын. Аулам биік, есіктері бекітулі, қалай, қайтіп кірсе де бір топ ит малымды қырып кетіп отыр, - дейді аудан тұрғыны А.А.

Ит мәселесі әуелден өзекті. Өзектілігі сол, тым көбейіп кеткен. Өткен көлік пен адамдарға ырылдай, үре ұмтылған төртаяқтылардың беті қауіпті. Осы тұста көшеде кішкене балалардың да жүретінін, ойнайтынын ескерсек, жағдай қауіпті бола түседі. Көп ұзамай жаңа оқу жылы басталады, балалар ерте мектепке шығып, кеш қайтады... Қауіпті!

F71AC503-AFF4-44FD-8A6C-53F1B20AAA47

Бұралқы иттердің тым көбейіп кетуіне Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97-VII ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы бірден-бір себеп боп отыр.

Яғни, үй жануарларына рахымды және жауапкершілікті қарау, кез келген уақытта себепсіз зиян келтіру немесе жою әрекеттеріне тиым салуды негізге алған аталмыш заңның нәтижесі осындай жағдайларға әкеліп отыр.

Алайда, осы Заңның 9-шы бабының («Жергілікті атқарушы органдардың жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы құзыреті») 6-шы тармағында жергілікті атқарушы органдардың қаңғыбас жануарлардың санын реттеуді ұйымдастыруы көзделген. Сондай-ақ, 15-ші баптың  4-ші тармағында  «жануар (жануарлар) адамға, жануарларға шабуыл жасаған жағдайда және (немесе) жануарлар адамның, жануарлардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларда жансыздандыруға жол беріледі» деп анық көрсетілген.

Осы жағдайды ескере келе, жергілікті атқарушы, құзіретті және өкілетті органдар аудандық ветеринариялық станция мекемесімен бірлесе отырып, қараусыз жүрген қаңғыбас иттерді аулау рейдіне шықты. Арнайы аңшы мамандармен шыққан рейдтік топтың күшімен дыбыссыз мылтықпен ұйықтату арқылы күндіз және кешкі көшеде қараусыз жүрген 20 ит ауланды. Бұл шара жалғасын табады.

Осы тұста айта кететін аса маңызды мәселе – осының барлығының адамдардың себебінен болып жатқандығы. Яғни, тұрғындар ит өсіреді де кейін белгісіз себептермен оларды қаңғытып жібереді. Далада қалған ит тамағын өзі табуға дағдыланады, қоқыстарды төңіректеп, ауладағы мал-құстарға шабуыл жасайды. Қоқыс жағалаған соң автоматты түрде ауру таратушы жануарға айналады. Ал иттерден тарайтын аурулар өте көп, түрлі паразиттер мен ішек құрттары, туберкулез, туляремия, лептоспироз, бруцеллез, әртүрлі гельминтоздар, сақина құрттары. Ең жаманы емдеуге де келмейтін – құтыру ауруы. Бұл аурудан жануар да, адам да өліп тынады. Сондықтан қаңғыбас, қараусыз иттерден қауіп көп.

Ал оларды әуелі асырап алып, артынан қаңғытып жіберіп, қоғамға қауіп тудыратын өзіміз!

Досқанат Сағымбаев, аудандық ветеринариялық станция директоры:

– Ит және басқа да үй жануарларын ұстау тәртібі мен талаптары жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмысы үнемі жүргізіліп келеді. Итті тіркетуден бастап, оның ем-домы, ветеринариялық тексеруден өтіп тұруы, жануарларға жауапкершілікпен қарау Заңының талаптарына сәйкес серуендету талаптары, яғни, талапқа сәйкес шынжырмен, тұмылдырық кигізілген түрде серуенге алып шығу сынды жауапкершіліктер айтылып-ақ келеді, алайда оны орындауда кемшілік көп. Сондай-ақ, ертең сабақ басталғанда мектепке балаларға еріп иттер келеді. Қанша ескертілсе де тоқтамай тұрған жауапсыздықтың бірі осы. Ол ит болған соң әркез қауіпті, кез келген уақытта балаларды қауып алуы мүмкін. Оны көріп отыратын мектептердің күзет қызметінен де еш әрекет байқалмайды. Иттерді мектеп ауласынан шығарып жіберу, мектеп аумағындағы балалардың қауіпсіздігін әр уақытта бақылауда ұстау сынды жауапкершілік қайда сонда?

Әрбір ит ұстайтын тұрғын өз ауласының көрініп тұратын жеріне «Қабаған ит» деген жазуы бар ескерту тақтайшаларын ілуі міндетті. Қанша ескертілсе де оны орындап жүргендер мүлде аз.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның  21-ші бабында жануардың иесі немесе оған жауапты адам жануардың барлық жағдайына жауапты, яғни, оның есепке алынуы, үйде және қоғамдық орындағы қауіпсіздігі, денсаулығының дұрыс болуы, уақтылы тексеруден өтіп тұруы, көшеде қараусыз жүрмеуі және қоғамдық орындарды ластамауы сынды барлық жауапкершілікті мойнына алады, - деп жазылған. Яғни, үй жануарларын ұстаудың да талаптары бар және ол орындалмаған жағдайда жануар иесі жауапқа тартылады.

Ал біздерде әлі күнге шеткі көшелерге көзін ашпаған құйттай мысықтар мен күшіктерді ұясымен тастап жүре беретіндер жетерлік (ауыл шетінде тұратындарға аса таныс жағдай). Обалы өз алдына, олардың қатары осылай көбейіп, міне бүгінгі күні қауіп тудыратын мәселеге айналып отыр.

Жалпы тұрғандардан өтініш, иттердің жан-жануарларға, балаларға, адамдарға шауыл жасағанын, қараусыз иттердің топтасып жүргенін көрсеңіздер жергілікті округ әкімшілігіне, ішкі істер бөліміне немесе ветеринариялық станция мамандарына хабарласуыңызды сұраймыз.

Қаршыға Асу

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале