20.03.2025, 22:00
Оқылды: 38

Қараусыз қалған мал ұрланды

Хакім Абайдың «Қазақтың міні – мал ұрлығы» дегені бар. Бұдан екі ғасыр бұрын келеңсіздігіміздің бірін осылай әшкерелеген қанатты бұл сөз, өкінішке қарай, әлі де өзектілігін жойған жоқ. Ауылда ағайынның ит тірлікпен басын көбейткен малын күн болсын, түн болсын сыпырып әкетіп, оңай пайда тапқандар туралы естіп-біліп жатырмыз. Атышулы баукеспе ұрылармен де атағымыз шыққаны жасырын емес. Олардың көбі ұсталып, темір тордың әр жағына тоғытылып жатқанымен, барымташылықты жеңіл табыс көзіне балаған «пысықайлар» оқтын-оқтын өздерінің бар екенін есімізге салып қояды. Бірінде өзгенің малын қолды қылу үшін қарақшылар әдейілеп алыстан ат арылтып жетсе, Ақжайық ауданының Базартөбеауылында  оқиға мүлдем басқа. Ұры алыстан келмепті...

IMG_8866

Мал ұрлағаны үшін сот алдында жауапқа тартылған азамат Р. мен азамат Е. – Базартөбе ауылының тұрғындары. Қарап тұрсаң, «отыздың ордасын бұзған», тепсе, темір үзетін екі жігіт. Шаруаға кіріссе, табысты табудай-ақ табатыны шүбәсіз. Сот отырысында айтылғандай, екеуінің де иелігінде азын-аулақ уақ жандығы, ірі қарасы бар. Қандай түлен түрткенін, бар малын бағып, еті мен сүтін пайдаға адал жаратудың орнына кәсіп етіп, отбасына табыс әкелуі тиіс еңгезердей жігіттер өз жерлестерінің малына көзін сүзіпті.

Тайпақ ауылында өткен соттың бұл отырысына Ақжайық аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Гүлжихан Сағитова төрағалық етті. Жәбірленушілер саны – алтау.

Алдымен мемлекеттік айыптаушы, аудан прокуроры Алмас Таспихов істің мән-жайын атап өтті. Тергеу барысында мәлім болғандай, азамат Р. мен азамат Е. өткен жылдың қыркүйек пен желтоқсан айларының аралығында ауыл аумағында еркін жайылымда жүрген ірі қара мен жылқы малын ұрлап келген. Жымысқы әрекетін жүзеге асыру үшін өздеріне ыңғайлы схема да ойлап тауыпты. Түн жамылып барымтаға шыққан екі құда (сотта Р.-дың айтқан сөзіне сүйенсек) бұл мақсатта Р.-дың мотокөлігін, Е.-нің автокөлігі мен тіркемесін пайдаланған. Осылайша арам ниет табыстырған қос ұры қараңғы түнде малды қолды қылып, артынша Р.дың үйіне әкеліп сойып, етін көлікке тиеп, Орал қаласына апарып сатып, олжаны екеуара бөліскен.

Барымташылардың жаман ойының «қабыл болуына» ауылдастардың бейқамдығы да себеп болғаны анық. Себебі тергеуде анықталғандай, екеуіне қатысты 6 эпизодта да мал еркін жайылымнан ұрланған, тек бірінде ғана Ботабек қыстағындағы қорадан айғырды жетектеп алып кеткен екен. «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» деген, біреудің малын иемденуді ар көрмеген екеуі 8 бас мал ұрлап,  6 ауылдасына 3 млн. 350 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Ұры ұзақ тайраңдай алмасы белгілі, өткен жылдың 7 желтоқсанында азамат Е.-ні қалада полиция ұстап алады.

– Азамат Р. мен азамат Е. алдын ала сөз байласу арқылы топ болып, бірнеше рет мал ұрлап, яғни бөтеннің малын жасырын жымқырды. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабы, 3-бөлігі, 1, 2 тармақтары бойынша кінәлі деп танылып отыр. Екеуіне де осы бапта көрсетілген 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сотталушылардың жазасын ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін, бұрын сотталмағанын, шын ниетпен өкініп, кінәсін мойындағандарын, әрі жәбірленушілердің барлық материалдық шығынын өтегенін, талап-арыз қоймағанын ескере отырып, Қылмыстық кодекстің 63 бабына сәйкес тағайындалған жазаны шартты деп санауды сұраймын, – деді аудан прокуроры Алмас Төрекелдіұлы.

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы осы істен туындайтын бірнеше мәселені соттың, осы отырысқа арнайы шақырылған жергілікті қауымдастықтың өкілдерінің назарына салды.

– Бұл қылмыстың арты жәбірленушілер үшін жақсы аяқталды. Ұрылар анықталып, материалдық шығындары толықтай қайтарылды. Бірақ осы ретте бірнеше мәселенің шеті қылаң беріп шыға келеді. «Қазаннан қақпақ кетсе, ұрыдан ұят кетеді», «Алтын көрсе, періште де жолдан таяды»  деген мақалдарды халқымыз тегіннен тегін айтпаған. Бағымсыз мал, қараусыз дүниеге өткен-кеткеннің көзі түсетінін айғақтап тұр. Бұл жағдайда да солай. Осыған дейінгі сот отырыстарында жәбірленушілердің өздері мойындағандай, олар иелігіндегі малын еркін жайылымға жіберіп қойып, артынан 10-15 күнде ғана бір айналып, бар-жоғын тексеріп қайтады екен. Бір жәбірленуші тіпті Орал қаласында тұрады. Мал өзімізге қажет болғанымен, оны бағуға ерінеміз. Бұл тек Базартөбедегі жағдай емес, аудандағы барлық елді мекендердегі шынайы ахуал, – деді малды қараусыз қалдырудың өзі ұрлыққа себеп болатынына меңзеп А.Таспихов.

Меңзеуінің де жөні бар, өзі жарыссөзде негізге алғандай, мал бағымы 2020 жылы 1 қыркүйекте облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген «Ауыл шаруашылық жануарларын жаюдың қағидаларымен» реттеледі. Сол қағидада аудан және ауылдық округ әкімдерінің мал бағымын ұйымдастырудағы міндеттері, мал иелерінің жауапкершілігі тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Осы жұмыстар жер-жерде сапалы жүзеге асса, мал ұрлығы фактілерінің азаюына ықпал ететіні сөзсіз.

Ойлап қараңызшы, алақандай ғана ауылда 6 бірдей мал ұрлығының эпизоды орын алды. Ауылдың учаскелік полиция инспекторы ай қараған ба? Мұрнының астында болып жатқан қылмыстан бейхабарлық жұмысына салғырттықтың нышаны емес пе? Осыған көңіл аударған аудан прокуроры жолдағы патруль жұмысының да кемшіндеу екенін атап өтті. Айталық, қылмыскерлер бір емес, бірнеше рет мал ұрлап, оның етін облыс орталығына көлікпен тасымалдады. Аспанмен ұшқан жоқ, қара жолмен жеткізді. Қарап отырсақ, айына екі рет ұрлаған малын Жайықтың Бұқар бетіндегі күре жол «Индер-Барбастаумен» 259 шақырымды артқа тастап, барымташылар емін-еркін Оралға жеткізген. Тасжолды қылмыс жолына айналдырған бұларды  жол-патруль көлігі тоқтатпайтындай, бағы бес елі ме соншалықты?

Негізінде, жүктемелік нормаға сәйкес 1 полиция экипажына жолдың 100 шақырымы бекітілуі қажет. Демек, орын алған келеңсіз жайт «Индер-Барбастау» жолын патрульдеуде кемшілік бар екенін айғақтайды.

А.Таспихов соттан жеке тұрғындардың мал бағымын ұйымдастыру жөнінде облыс әкімдігіне, сонымен қатар «Индер-Барбастау» жолын патрульдеудегі олқылықтарды жою бойынша облыстық полиция департаментіне қаулы шығаруды сұрады.

Осыдан соң сот төрағасының міндетін атқарушы Г.Сағитова жәбірленушілерге сөз берді. Зардап шеккендер де, кінәлілер де бір ауылдан ғой, әрі, атап өткеніміздей, барлық материалдық шығындар өтелді – отырыста 6 жәбірленуші де қос ұрыға еш талабы жоқ екенін, кешіргенін айтып, соттан мейлінше жұмсақ жаза тағайындауды өтінді. Кінәлілер де қателігін мойындап, кешірім сұрап, енді қайталамасына ант-су ішіп, уәде берді.

Кеңесуден соң сот өз шешімін шығарды. Бұл шешімде прокурордың талабы, әрі жәбірленушілердің тілегі ескеріліп, сот алдына тартылған екеуі де ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабы, 3-бөлігі, 1, 2 тармақтары бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға сотталды, Қылмыстық кодекстің 63 бабына сәйкес тағайындалған жаза шартты деп саналады. Қылмыс бойынша тәркіленген айғақтардың бәрі иелеріне қайтарылды. Қылмыскерлер пайдаланған көлік, тіркеме, мотоцикл мемлекет пайдасына тәркіленді. Екеуінің әрқайсысынан жәбірленушілердің өтемақы  қорына 20 АЕК мөлшерінде қаражат өндіріледі. Аудан прокуроры келтірген мәселелер бойынша қаулы шығарылып, облыс әкімдігі мен облыстық полиция департаментіне жолданады.

– Сіздердің жазаларыңызды ауырлататын мән-жай жоқ, жеңілдететін шарт бар. Түзелсін деген ниетпен, жазаны шартты түрде тағайындадық. Бірақ оңай құтылдық деп еркінсуге еш негіз жоқ. Қателікке бой алдырып, шартты түрде бас бостандығын шектеу талаптарын бұзсаңыз, жазаны түрмеде өтейсіздер. Ұрлықтың арты жақсылыққа апармайтынын, адал еңбекпен келген табыстың ғана берекелі болатынын ұғындыңыздар деп үміттенемін, – деп түйіндеді отырысты Гүлжиһан Темірболатқызы.

Редакциядан: Қазіргі таңда малды ауылдың қай-қайсысында да ұрлықтың белең алып тұрғаны жасырын емес. Еркін жайылымдағы малға қарақшылардың көзі жиі түсіп жатады. Мал ұрлығының көбеюіне, осы сот отырысы дәлелдегендей, адамдардың салғырттығы, бейқамдығы  – себеп. Таңертең малды өріске шығарып, кешке дейін бағып жүргендерді аудан бойынша санай қалсақ, бір қолдың саусағын бүгіп те шыға алмайтын болармыз. Ең сорақысы, көбіне малын қараусыз қалдырғандар опық жегенін біраз уақыттан кейін бір-ақ біледі. Әбден малын сансырап іздеп, таба алмай, амалдары құрыған соң ғана полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Қарақшылар бұл кезде ізін суытып та үлгереді емес пе?! Мысалы, былтыр мал ұрлығы бойынша 24 дерек тіркелсе, оның 19-ында мал өрістен қолды болыпты.

Ұрлықты тыюдың ең тиімді жолы – ауыл тұрғындарының өз малын қараусыз қалдырмай, сақтық шараларына жіті көңіл бөлуі. Мал бағымын ұйымдастыру да – ауылдық округ әкімдігі назардан бір сәтке де болса, түсірмеуге тиісті мәселе. Бұл жағынан да айтар сын жетерлік.

Сонымен қараусыз мал ұрланса, кім кінәлі – жауабы көп сұрақ сыңайлы.

Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале