Тарих дөңгелегі қалай домаласа да, ауыл-ел алдындағы парызын адал өтеп, жұртының ортақ пайдасына сүбелі үлес қосқан аға толқынның еңбегі, әрине, ұмытылмауы тиіс. Осы орайда Ақжайық ауданында ықпалды іс-шара жүйелі түрде ұйымдастырылып жүргені көпшілікке мәлім. Апта басында қарауылтөбеліктер осындай бір көрікті күнмен қауышты. Ат жалын тартып мінгеннен бүкіл еңбек жолы осында өткен азамат, мемлекеттік қызметтің үздігі Ғиззат Ихсанның 70 жасқа толуына арналған жүздесу жылдар жүзінде шоқтай екшеліп, Қарауылтөбенің құты үшін атсалысқандарға шынайы тағзым болды.
Бұл шара 90 жылдың шежіресі аса шырайлы орта мектептен басталды. Ардагерді қошеметтеуге арнайы келген аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қатардағы жұмысшыдан кеңшардағы түрлі жауапты буындарға, ферма меңгерушілігіне дейін лайықты көтеріліп, заманның ең қиын кезеңінде жиырма жылға таяу ауыл әкімдігінің тізгінін берік ұстаған Ғиззат Құжатұлының талай ізгі бастамаларға ұйытқы болғаны, адами қасиеттері кейінгілерге айтулы мектеп екенін баяндады. Аудан басшысы мерейгерге облыс әкімі Ғали Есқалиевтің Құттықтау хатын, ақжайықтықтар атынан сый-сияпат тапсырып, иығына құрметпен шапан жауып, риясыз тілегін арнады.
Өздерінің мақтаулы түлектерін, бүгінгі мерейжас иесін оқушылар ән-күймен құттықтады, титтей ұл-қыздар «Атамыздың еңбек жолы – бір дастан» деп тақпақтарын төкті. Ауданымызда көп жыл лауазымды қызметтерде болған. ҚР ауыл шаруашылық саласының құрметті ардагері Орынғали Батталов небір қиындықты өмірдің өзінен оқуымен, маңдай термен көтерген Ғ.Ихсанның жалпақ жұртының бірлігін нығайтып, үміт отын жандырғаны жайында әдемі сөз саптады. Ғизақаңның сыныптасы, әскери қызметті де бірге өткерген Төлеген Есенғалиев балалық шақтан бермен естеліктерімен бөлісті, Құжат әке мен Құраш ананың кенжесі Талғат Ихсан осындай ағаның әулет үшін, бүкіл ауыл үшін мерей екенін айтса, мектеп директоры Любовь Ахатова қиындық бастан асқан уақытта ауыл басқарған оның жылағанды жұбатып, қиналғанды медеген адамгершілігін толғады,
– Қарауылтөбе десе, әманда басымды ием! Қашан да бір болдық, сынақтардан сүрінбеу үшін бір-бірімізді қолдадық. Біздің жас ұрпақ, айналайындар, мақсаткер, мұраткер болып өсіңіздер, сабақты жақсы оқып, ел-жұрттың сенімін ақтаңыздар.
Бұл мерейгердің тебірене тұрып айтқаны. Ол кезінде өзіне ұстаз болғандардың, жұмыстастарының еңбегі, алтын бесік ауылға игі қолтаңбасы айтулы жандар жайында кеңінен әңгімеледі.
Тұрғындар тарапынан дидарласу барысында Ғизақаңның еңбекқор, маңайына жанашыр, ортақ істерге қайырымдылық жасап жүретін перзенттері атына да шын жүректен лебіздер арналды.
Ауыл-елдің ынтымағын, еңбекке жұмылуын күшейту, жақсылардың жақсылығын үзбей жалғастыру жайында кеңінен сыр шертілген осындай күнді ұйымдастырған аудан әкімінің атына, қарауылтөбелік басшы-қосшыларға ризашылық айтылды.
Осындай салтанат сәті Ғиззат Құжатұлының құрметіне аудан орталығынан, сондай-ақ Тайпақ, Көнеккеткен, Базартөбе және Қарауылтөбеден ойыншылардың қатысуымен волейболдан бәсекеге ұласты.
Болат Есқалиев,
Ақжайық ауданы
Суретті түсірген Нұрбек Ихсан
zhaikpress.kz