Жыл сайын аудан тұрғындарының жағдайын үшін жұмыстың бірсыпырасы қолға алынды. Бұл жақсы үрдіс, әрине, басты мақсат – ауыл-елді мекендердің ажарын келтіріп, жерлестеріміздің тұрмыс-тіршілігінің деңгейін қаламен теңестіру.
Атап кету керек, Жайықтың арғы бетіндегі Қарауылтөбе ауылында жаяу жүргіншілер жолын төсеу басталды. Атқарылған шаруаның барысын әлеуметтік желіден көріп, ауылдық округ әкімі Жәнібек Әбіровпен хабарластық.
– Аудан әкімінің қолдауымен болып жатқан игі іс. Оның оң көз танытуына ауылымызда туып-өсіп, қазіргі уақытта басқа жақта жүріп, кәсібін өркендеткен елжанды азаматтарымыз сеп болды. Олар өз бизнесін біздің ауылға тіркеп, аудан қазынасына салық құйды. Шағын кәсіп емес, ірі-ірі бизнес нысандары біздің ауылдық округте тіркелген. Жылға аудан бюджетіне бірнеше миллион салық түсіріп тұр. Дербес бюджет қағидасына сай, қайтарым ретінде осындай үлкен құрылыс басталды, – дейді Қарауылтөбе ауылдық округ әкімі Жәнібек Әбіров.
Оның айтуынша, ұзындығы 3 шақырым 800 метр, енді 120 см болатын жаяу жүргінші жолы ауылдың барлық көшесіне төселеді. Жұмыстың басы мектептен қашық орналасқан шеткі көшелерден басталыпты.
Қарауылтөбеде атқарылған шаруа шаш-етектен. Күні кеше ауыл тұрғындары ең жоғары жылдамдықтағы ғаламторға қол жеткізсе, енді, міне, жаяу жүргіншілерге де жағдай жасалды. Осылайша ауыл ептеп көркейе түседі. Осыдан кейін кім кеткісі келсін ауылдан?! Бұл – Қарауылтөбедегі ауызбіршіліктің, елжанды азаматтардың ауылға жанашырлығының көрінісі.
Негізінен, аудан аумағында 5 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Әрқайсысын кезекпен атап өтсек. Алмалы ауылында ұзындығы 1,4 шақырым кіреберіс жолды күрделі жөндеу аяқталып қалыпты, енді нысанды қабылдап алу мақсатында құжаттары рәсімделуде. Мердігер – аудан көлемінде бірнеше жол құрылысын жүзеге асырған «ТОБИ» ЖШС, жоба құны – 154 млн. 466 мың теңге. Осындай жұмыс Ақсуат ауылында да жүріп жатыр. Ұзындығы 2,3 шақырым кіре беріс жолға дәл қазіргі уақытта асфальт жабынды төселіп, жол жиегі реттеліп, жол белгілерін орнатылуда. Тамыз айында тапсырылуы тиіс жобаның мердігері – «Орда жолдары» ЖШС. Жоба құны 160 млн. 630 мың теңге тұрады.
Байқап отырғаныңыздай, мердігерлер мойнына алған іске жауапкершілікпен қарап, жолдардың уақтылы тапсырылуы үшін бар күшін салуда. Жауапты мекемелер де мерзімімен қатар жұмыстың сапалы атқарылуына баса назар аударып отыр.
Тап осындай игілік Тайпақ ауылында да орын алмақ. Ұзындығы 2,3 шақырым жолды «Жайық сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеуде. Облыс бюджетінен бұл мақсатқа 219 млн. 234 мың теңге бөлінген. Былтыр мұнда құм және қиыршық тас төселіп, енді мердігер арнайы техникамен асфальт төсеуге кіріспек. Жол тамыз айында тапсырылуы тиіс. Тайпақтағы жақсылық мұнымен таусылмақ емес, бұдан бөлек ұзындығы 3 шақырым болатын ауылішілік жолдарды күрделі жөндеу үшін мердігерді анықтау мақсатында конкурс жүргізіліп жатыр.
Өткен жылы Чапаев ауылында Ықсанов және Орақбаев көшелеріне тақтайдай тегіс жол төселіп, тұрғындар көптен бергі тілегі орындалып, қуанып қалған еді. Енді дәл сондай жұмыс биыл да жалғасын тауып, аудан орталығындағы ауылішілік жолдар (Қазақстан, Ықсанов, Мәңгілік ел, Сейфуллин, Сырым батыр, Орақбаев, Құрманғазы көшелері) толығымен жөнделуде. Қазіргі уақытта Қазақстан, Мәңгілік ел және Сырым батыр көшелерінде жер қыру басталып кетті. Барлығын қосқанда, ұзындығы 3 шақырым болатын жобаны «АСФА» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба құны – 358 млн. 065,6 мың теңге. Құрылыс жұмыстары қазан айында мәреге жетуі қажет. Оған қоса Чапаев ауылындағы Қонаев, Меңдалиев, Исаев, Бауырластар, Татулық көшелерінің жалпы ұзындығы 4 шақырымға созылатын жолдарына орташа деңгейде жөндеу жүргізіледі. «ТОБИ» ЖШС құрылыс басына қажет материалдарын тасымалдап жатыр.
Осыған қоса аудандық емхана, мәдени-демалыс орталығы және №1 орта мектеп алдына автотұрақ орнату жұмыстары тамыз айында басталады.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz