5.03.2024, 16:45
Оқылды: 58

Қарауылтөбеліктер тісін тегін емдетті

Туып өскен ауылына қай қиырда жүрсе де қолдан келген көмегін жасап, қолдау білдіріп жататындар жайында қуанышымызға орай, дүркін-дүркін естіледі. Жақсылар ұйытқы болған осындай жарқын істердің бірінің шапағатын Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғындары көрді.

медицина жп бурли (2)

Көрнекі фото zhaikpress.kz

Нақтырақ айтсақ, ауыл азаматы Данияр Дүйсебаев Орал қаласынан тіс дәрігерін алдыртты. Соның арқасында ауыл тұрғындары стоматология бойынша кеңес алып, тістерін емдетіп, жұлдыртты. Данияр тек дәрігердің ауылға келуіне мұрындық болған жоқ, осы күнгі кеңес, ем-шаралардың барлығының ақысын өз қалтасынан төледі.

Облыс немесе аудан орталығына барып, ем-дом алу үшін жолың ауыртпалығын айтпай-ақ қоялық, стоматология қызметінің бағасы аспандап тұрғанынан көпшілік хабардар. Бір тісті жұлдырту үшін 5 мың теңге мен 12 мың теңге аралығында ақы төлеу қажет. Емдетуі одан да қымбат. Ал осы күні көрсетілген қызметтің құны – 450-500 мың теңгенің шамасы. Осының барлығын өз қаражаты есебінен Д.Дүйсебаевқа жерлестері жарыса алғыс айтуда.

– Дәрі-дәрмек, медициналық құралдардың өзі ақшасына алып, қызмет ақысы, медициналық қызметкерлердің жолақысын қамтамасыз еткен ауылдасымыз, жеке кәсіп иесі Д.Дүйсебаевқа көпшілік дән риза. Облысқа танымал білікті тіс дәрігері Данияр Болатов та бір күннің ішінде қырықтан астам адамға өз көмегін ұсынып үлгерді. Ауылдастарының алғысына бөленер азаматтар көп бола берсін. «Батаменен ел көгерер» деген үлкен-кішінің алғысы Даниярға да, шалғай ауылға келіп, қызмет көрсеткен Д.Болатовқа дарып, жұмысы алға баса берсін деп тіледік, – дейді округ әкімі Жәнібек Әбіров.

Әсет Орынғали,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале