Біліп жүріңіз!
Биыл қарбыз маусымы әлдеқашан «ашылды». Ауа райы да ысып келеді, елдің көпшілігі қарбыз жеуді бастап та кетті. Бірі шілде айын нағыз қарбыз жейтін уақыт десе, бірі әлі ерте дейді. Бұл бақша өнімінің мол болғаны жақсы-ау, әрине. Алайда, сөреде, қала берді далада теңкиіп жатқан қарбыз жеуге қаншалықты жарамды? Оны таңдауда қателеспес үшін назарларыңызға керек кеңесті ұсынуды құп көрдік.
Cурeт: pixabay.com
Шертіп жүріп таңдаңыз!
Қарбыздың қалай естілетінін білу үшін оны шертіп көру — бұл тәтті қарбызды таңдау кезінде жиі қолданылатын әдіс. Бұл шынымен де тиімді тәсілдердің бірі. Біз қарбызды құлағына тақап, оны қағып, түрлі дыбыстарды тыңдайтын адамдарды жиі байқаймыз. Оның құпиясы мынада — егер шертіп көргеннен кейінгі шыққан дыбыс айқын және дауысты болса, бұл қарбызда шырын көп және ол өте тәтті болады дегенді білдіреді. Егер дыбыс күңгірт болса, мен сізге тағы бір қарбызды шертіп көруге кеңес беремін.
Жолақтан жаңылмасаңыз…
Сіз сондай-ақ тәттілікті жолақтар бойынша оңай анықтай аласыз. Егер жолақтар айқын болса және олардың арасындағы саңылаулар салыстырмалы түрде тар болса, онда мұндай қарбыздар әдетте тәтті және шырынды болады. Өйткені оның өсу процесінде судың жетіспеушілігі болмады деген сөз. Егер жолақтар анық емес және толқынсыз болса, басқасын таңдаңыз.
Сабақта мән бар
Көбіміз қарбызды таңдағанда әрдайым сабағының болғанына қараймыз, бірақ оның түзу немесе қисық екендігіне назар аударуды ұмытып кетеміз. Шын мәнінде, сабақ жасыл болуы керек, өйткені сары немесе қара сабақ, қарбыздың ұзақ уақыт бойы тұрып қалғанын білдіреді.
«Кіндік» көмектеседі
Сабақтың қарама-қарсы жағында біз қарбыздың «кіндігі» деп атайтын жер бар. Бұл қарбыз гүлінің орналасқан жері. Гүл қурап қалғаннан кейін ол кішкене шеңберді қалдырады. Егер «кіндік» кішкентай болса, бұл аналық қарбыз, ал үлкен болса аталық. Кіндік қаншалықты кіші болса, соғұрлым қабығы жұқа және дәмі тәтті болады, сондықтан оны сатып алудан бұрын тексеріп алған жөн.
«Құжаты қайда?»
Иә, дәл осылай сауда орнына келіп, алдымен сатушыдан өнімнің сапасы туралы сертификат сұраңыз. Ол жерде жеміс-жидектің қайда өскені, сорты, жасы, мерзімі көрсетіледі.
Кез келген жерден алмаңыз!
Тасжолдың бойынан қарбыз сатып алмаңыз. Қарбыз — нәзік жеміс-жидектің бірі, ал микроорганизмдер мен бактериялар шаң-тозаңдаған кездейсоқ жағдайда түсе алады. Сондықтан арнайы жабдықталған павильондарда немесе дүкендерде ғана сатып алуға кеңес береміз. Айта кетейік, қарбыз саңырауқұлақ сияқты қауіпті заттарды бойынша тез сіңіреді. Оларды кәсіпорынның жанындағы нүктелерден сатып алуға болмайды. Сондай-ақ, кесілген қарбызды қолданбаңыз.
Мөлшері қандай?
Үлкен қарбыздар шамадан тыс себілген минералды тыңайтқыштарға толы егіс алаңында өсіп шығады. Өте кішкентай қарбыздар көбінесе тәтті емес келеді.
Ине салынған ба?
Қарбыздың қабығына мұқият қараңыз. Онда инелерден қалған тесіктердің болуы мүмкін. Яғни, қарбыз табиғи жолмен пісіп жетілмегенде, оны тыңайтқыштар салу арқылы тез қызартуға қол жеткізеді. Мұндай жолмен тек қарбыздар ғана емес, қызанақты да дәл осылай селитра жіберіп, уақытынан бұрын қызартатындар бар. Қабығында осындай тесіктер мен қара нүктелері барларын да сатып алмаңыздар.
Ортасын кесіп беріңіз
Мамандар қарбызды кесіп жегенде етті жерінен 3 сантиметрдей қалдыру керектігін айтады. Себебі қабығына жақын жердегі етінде тыңайтқыштар көп жиналады. Сондықтан да қарбыздың бір бөлігін тұтастай жемей, аз-аздан жеген дұрыс. Ал, уланып қалудан сақтанғыңыз келсе, әсіресе балалардың ауырмағанын қаласаңыз, ортасын кесіп беріңіз.
Пісетін шағы — тамыз айы
Жалпы, «жаздың басында қарбыз жеуге бола ма?» деген сауалды Теректі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләйла Ашықоваға жолдаған едік.
— Ерте піскен қарбызды қолдану кейбір жағдайларда денсаулыққа зиян тигізеді. Өйткені, нитраттардың өте жоғары концентрациясы болуы мүмкін. Сондықтан «ерте піскен» қарбыздарды жеу ерте, өйткені көп жағдайда оларды өсіру үшін азот-фосфор тыңайтқыштары көп қолданылады. Токсикологиялық компоненттердің жиналуы улануға әкеледі. Улануға ең сезімтал адамдар, бұл — денсаулығы нашар, аурудан жаңа айыққан адамдар, сондай-ақ балалар, қарттар мен жүкті әйелдер. Бұл топтағы адамдарға ерте піскен қарбызды тұтынуға қатаң тыйым салынады. Нақты айтқанда, қазіргі таңда қарбыз жеуге әлі ерте. Жемісті піспей жемеңіз. Жаздың алғашқы айы бастала сала базарда, дүкенде, сауда орындарында қарбыздар пайда болады. Бірақ бұлар дәрінің көмегімен піскен. Осындай қарбыздар адамның денсаулығына кері әсер етуі ықтимал. Сондықтан жаздың үшінші айын күте тұрғаңыз абзал. Қарбыздың нағыз пісетін шағы — тамыз айы. Тоқ етері, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік», - дейді Ләйла Тілектесқызы.
Уланудан сақ болыңыз!
Қарбыз маусымы маусым, шілде айларында басталып, қыркүйекке дейін жалғасады. Сәйкесінше, дәл осы кезеңде қарбыздан уланған жандардың саны да күрт өседі. Қарбыздан уланған адамға алғашқы көмекті қалай көрсету керек? Қарбыздан уланудың алдын алу жолдары қандай? Осы сұрақтарымызға Теректі аудандық аурухананың инфекционист дәрігері Гүлжихан Жәрдемқызы Хабулова жауап берді.
— Ең алдымен қарбыздан уланудың ең көп таралған симптомдары туралы айтатын болсақ, қарбыздан уланған адамның бойында әлсіздік пайда болады. Жүрегі айнып, лоқсып, күніне бірнеше рет құсуы мүмкін, іші өтеді. Сондай-ақ, дене қызуы көтеріліп, қан қысымы төмендеп, пульсі жоғарылайды.
Науқас қарбыздан уланғанын білу үшін жалпы қан және зәр талдауын, қанның биохимиялық көрсеткіштерін, K, Na, Са- электролиттер мөлшерін анықтауы қажет. Осы бағытта анализ тапсырғаны абзал. Улану процесі көбінесе бактериялардың және пестицидтердің әсерінен болуы мүмкін. Қарбыздың құрамында 100 грамға шаққанда 15 грамм қант болғандықтан, оны белгілі бір деңгейде сақтау және тасымалдау шарты бұзылған кезде құрамындағы бактериялар өте тез көбейеді. Өкінішке қарай, қарбызды өсіру және өңдеу шаруашылығында адам денсаулығына қауіпті көптеген пестицидтер мен нитраттар өте көп мөлшерде қолданылады. Нитраттардың мөлшері 1 килограмға шаққанда 60 миллиграмм ғана болу керек. Одан асып кетсе адамның улану қаупі жоғарылайды.
Егер адам уланған жағдайда, ең алдымен жедел жәрдем шақырып, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.
Сондай-ақ, қарбызды дүкендерден алған жөн. Ең қауіптісі – жол бойындағы сатушылардан қарбыз сатып алу. Біріншіден, сатушыларда өнімнің сапасын растайтын құжаттары болмауы мүмкін. Екіншіден, ол жерде қарбыздың қанша уақыт тұрғаны белгісіз, сондықтанда қарбызды сатып алғанда мұқият болыңыз, - дейді Гүлжихан Жәрдемқызы.
Маманның айтуынша, бүгінгі таңда Теректі ауданы бойынша қарбыздан улану жағдайы тіркелмеген.
Қымбатты оқырман, ендеше қарбыз жеуге асықпаңыз!
Самал Жамет
Теректі ауданы