Қарғын су бірнеше күн бәйтеректіктерді де әбігерге салды. Әсіресе аудан орталығы, Дариян, Мичурин, Зеленный, Белес, Байқоныс, Достық, Махамбет, Рубежин, Январцев секілді ауылдық округтарда күрделі жағдай қалыптасты. Жұмыла атқарылған жұмыстың нәтижесінде қауіптің беті қайтты.
Ресми мәліметке қарағанда, Переметный, Дариян, Байқоныс ауылдарындағы 4 үйге су кіру дерегі тіркелген. Жедел атқарылған іс-шаралар көмегімен баспаналардан су дер кезінде шығарылды. Бұл тұрғын үйлерге зақым келу қаупі жоқ деп танылғанымен де көп кешікпей арнайы комиссия шығып, олардың жағдайын қарап, бағалайтын болады. Сондай-ақ 12 ауылдағы 144 үйдің ауласын су басқан.
Бүгінгі таңда аудан бойынша тәулігіне 13280м3 еріген қар суларын сору жұмыстары жүргізілуде. Ауылдарда 1000 дана қапталған инертті материалдар пайдаланылды. Сонымен қатар аудан бойынша жергілікті атқарушы құрылым, төтенше жағдайдың алдын алу бөлімі, мекеме-кәсіпорын қызметкерлерімен қатар ауыл тұрғындарынан құралған 158 адам жұмыс атқарды. Кейбір ауылдық округтерде бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.
Аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқановтың сөзінше, барлық ауылдық округі аумағында дайындалған техникалар арқылы тұрғын үйлерге су кіру қаупі бар учаскелерде тиісті жұмыстар ұйымдастырылған. Жергілікті атқарушы құрылымдар қызметкерлерімен тәуліктік кезекшілік, сонымен қатар төтенше жағдай орын алған жағдайда хабарласатын call-орталықтары құрылып, әлеуметтік желі, ауыл тұрғындарының чаттары арқылы хабарламалар таратылуда.
- Ауданымызда су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында айтарлықтай жұмыстар жасалған еді. Кешегі қарғын су қауіп төндірген кезде осынау іс-шараларымыз көп пайдасын тигізді. Мәселен, былтырлары жалпы ұзындығы 3580 метр су өткізетін арналарды тереңдету және тазарту жұмыстары жүргізілді. Жергілікті атқарушы құрылымдар БҚО ТЖД және шаруа қожалықтарымен бірлесіп шаруашылық тәсілмен қорғаныс бөгетер салды. Бірқатар ауылда гидробекет орнатылды. Кейбір ауылдар бағытындағы жолдарға су өткізу құбырлары салынды. Жалпы су тасқынына байланысты 31 су сорғыш автокөлік (ассенизатор) 194 бірлік ауыр техника (2 бульдозер, 7 погрузчик, 5 эксковатор және басқа техника) дайындалды. Кешегі қарғын сумен күреске бұдан көп техника тартылды.
Қазіргі таңда аудандағы жағдай қалыпты. Енді өзен-көлдердегі судың көтерілу деңгейін қатаң бақылауда ұстап отырмыз, - дейді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы