Жәнібек ауданы орталығындағы ардагерлер үйінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы, аудандық ішкі саясат бөлімі және «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің бірлесіп ұйымдастыруымен және соңғысының демеушілігімен Дүниежүзілік қариялар күні қарсаңында спорттың төрт түрінен аудандық турнир өтті. Оның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов пен аталған филиалдың төрағасы Амангелді Уәлиев ардагерлерді келе жатқан Қариялар күнімен құттықтап, ізгі тілектерін арнады, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен, салауатты өмір салтын насихаттауға, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғастыруға бағытталған ардагерлер мен жастар арасындағы сайыс басталып та кетті.
Турнир қорытындысында ұлттық ойын - тоғызқұмалақтан алғашқы үш орынды Қасымғали Асанғалиев, Ғалымжан Шагиров және Наргиза Жұмағұлова (аудандық филиалдың іс жүргізушісі) иеленді. Шахматтан жүлделі орындарды тиісінше Серік Масанов, Ақболат Өтебалиев (Күйгенкөл ауылы), Батый Есмұхамбетов өзара бөлісті. Дойбыдан Еслям Әміров, Қасымғали Асанғалиев және Мадияр Уайсовтың (Күйгенкөл ауылы) бағы жанды. Ал бильярдтан үздік үштікті Шынтемір Рамазанов, Ғалымжан Шагиров, Асқар Құсайынов түйіндеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль, диплом және бағалы сыйлықтарды «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Мырзағалиұлы, «Ақбастау» ЖҚБ-ның төрағасы Мейрамбек Шайдуллин және аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Еділ Елемесов салтанатты түрде табыс етті.
А.Есіркепов,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz