Бүгін Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаева Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында (облыстық қарттар мен мүгедектер үйі) болды. Аудан әкімінің орынбасары Артур Мұратұлы қарияларды қайырымдылық айлығымен тұспа-тұс келген мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Орталықта қызмет алып жатқан 17 сырымдық қария мен мүгедектерге естелік сыйлық табыс етті. Жасы сексеннен асқан аралтөбелік Жанғали Берниязовтың бөлмесіне арнайы барып, сәлем берді. Аудан әкімінің орынбасары қарияның «Ауылыма бір барып қайтсам» деген бұйымтайын орындауға уәде берді.
Аудандық демалыс орталығы әсем ән әуелеп, би орындалған керемет концертімен қамкөңіл жандарды сергітіп, жақсы көңіл күй сыйлады. Қариялар көрсетілген құрметке балаша қуанып, ортаға шығып, би биледі. Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушылары атынан Аманжол Издыханов сөз алып, ілтипат көрсеткен сырымдықтарға алғысын білдірді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы