Қасиетті Рамазан айы талайдың жүрегіне шуақ құйып, ізгілік жасауға, айналаңа жанашырлық танытуға жетелейді емес пе? Әсіресе жалғызілікті, жасы ұлғайған жандарға көмек ету - үлкен сауап.
Шыңғырлау ауданында қарттар үйі бар. Ондағы қызмет алушыларға бар жағдай жасалып, жан-жақты қамқорлыққа бөленген. Қашан, кім келсе де әрбір келген жанға балаша қуанып, жүздері жадырап сала береді. Қамкөңіл қарттардың жақында аты жаман ауруға шалдыққандары да бар. Әйтеуір, күтушілер мен дәрігерлердің арқасында сауығып, аман - есен жүріп жатыр. Десек те жас ұлғайған сайын көңілдері пәс тартуға бейім тұратын жандарды жақында «ОТАУ» телеканалының қондырғысы бұзылып, істен шыққандығы қатты қамықтырған-ды. Төрт қабырғаға телміріп отырған қариялар сүйікті сериалдарын, хабарларды естіп-көре алмай жабырқап қалысыпты.
Осы жағдайды көріп-білген ауданымыздың тұрғындары - Ақмарал Исанова, Айсұлу Арыстанова, Гүлжамал Жұмағазиевалар Рамазан айында қарттар үйіне сыйлық тарту етті. «Отау» ТВ-ның 30 мың теңгелік қондырғысын сыйлап, олардың теледидар көруіне мүмкіндік берді. Осы мекеменің басшысы Х.Абдуғазиев әйелдер қауымына алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
А.Муса,
Шыңғырлау ауданы zhaikpress.kz