«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтылмаса керек. Қазіргі таңда ақылын айтып, батасын беріп, жөн сілтейтін осындай қазыналы қарттарымыздың қатары сиреп бара жатқаны жасырын емес. Сондықтанда бір кездері елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған олардың игі істерін кейінгі ұрпаққа насихаттап, көздері тірісінде жағдайларын біліп, ара-тұра барып тұрғанға не жетсін.
Жуырда Амангелді ауылдық округінің әкімі Саягүл Галиева әркез ауыл қарияларының шаңырағына бас сұғып, олармен дидарласып, жағдайларын біліп, туған күндерімен құттықтауды әдетке айналдырған. Ол тек мереке күндері ғана емес, үнемі жалғасын тауып келеді десек артық болмас. Оған өткен аптада болған кездесулер дәлел. Бұл жолы Саягүл Мәулетқызы мен округ әкімі аппаратының мамандары І Шежін ауылының тұрғыны 97 жасқа келген Жібек Төлеушева әже мен Амангелді ауылының тұрғыны Елемес Табынов ақсақалдың, сондай-ақ Сағира Ахмедьярова ананың шаңырағында болды. Олардың жағдайларын біліп, еңбек жолдары жайында әңгіме-дүкен құрды. Туған күндерімен құттықтап, қариялардың ақ батасын алды. Сонымен қатар «Алтай» шаруа қожалығында болып, шаруашылықтың қысқа дайындығын өз көздерімен көрді. Ауылдың экономикалық дамуына үлес қосып жүрген қожалық басшысы Алтай Исмагуловты зейнеткерлікке шығуымен құттықтап алғыс хат пен естелік сыйлығын табыс етті. Қарттарын қадірлеген елдің әркез келешегі кемел, болашағы жарқын болады демекші, қарияларға көңіл бөліп, олармен тығыз байланыс ұстап отырған Амангелді ауылдық округінің болашағы жарқын боларына сеніміміз мол.
Назгүл Серік,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz