4.03.2025, 12:49
Оқылды: 175

Қарияларға көмек көрсетті

«Қарияларға қамқорлық жасап, көмек көрсету – жас буынның міндеті» деген ұранды ұстанған Бөрлі ауылының «JASA!» еріктілері және олардың жетекшісі, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының әдіскері Мирлан Уркинов бірнеше жылдардан бері жергілікті ауылдас қариялар мен мұқтаж жандарға көмек көрсетіп келеді.

репортаж (1)

Қыс мезгілінде қар тазалау, жазғытұрым мен күзде – ауланы, жер телімдерін реттеу, шаруашылықта қолұшын беру егде жастағы жалғызбасты адамдарға ауадай қажет көмек. Ауылдық округ аймағында осындай көмекке мұқтаж жандар аз емес. Ауыл әкімдігімен келісе отырып, жұмысқа кірісетін жастардың нақ ортасында жүретін көбінесе Бөрлі колледжінің студенттері, ауыл жастары. Күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған мәселелердің бірі – еңбек ұжымдары мен мекеме, ұйымдардың қызметкерлерін еріктілер қатарына тарту болып қалып отыр. Жастар мен ауыл тұрғындарының ортасында насихат жұмыстары жүргізілгенімен «сен тимесең – мен тимеймін бадырақ көз» саясатын ұстанушылар да жетіп артылады.

Осы жұмыс бағытына жастарды тарту күннен-күнге қиындай түскенін мойындау керек. Кеңес дәуіріндегі энтузиаст жастар қар тазалау былай тұрсын, дәуірдің Түрксіб, БАМ сияқты ұлы құрылыстарына, тың игеруге қатысып, өз істерімен тарихта ізін қалдырған.

Өзімнің мектеп жылдарындағы естеліктерімде ауылдың қарт ата-әжелеріне концерт қою, бөлмелерінің еденін жуып шығу, дүкенге барып, керегін жеткізу үйреншікті қалыпты іс болатын. Аркадий Гайдардың «Тимур және оның командасы» кітабы сол кездегі әр оқушы үшін жақсылық жасау мен жамандықтан жирену энциклопедиясы іспеттес болған. Бұл ескіні аңсау сарынында айтылған ой емес. Керісінше, ескідегі еңбекке деген құрметттің, бала тәрбиесіндегі маңызын сипаттайтын естелік болар.

Айжарық Нұр

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале