7.07.2020, 15:08
Оқылды: 38

Қарттар үйі – қамқорлық құшағында

Тасқала арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, яғни «Қарттар үйі» 1992 жылы құрылған. Мұнда бөгде адамның көмегіне мұқтаж жалғызбасты қариялар мен І, ІІ топ мүгедектеріне арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Мекеме 30 орынға лайықталған. Бұл мекеме қолайлы тұрмыс жағдайларын жасау, әлеуметтік қызмет көрсету және олардың сапасын, тиімділігін арттыру мен моральдық-психологиялық климат қалыптастыру, стандартқа сәйкес әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық бағытта жұмыстанады.

All-focus

All-focus

Мекемеде қызмет көрсететін өңдірістік бөлмелелер барынша санитарлық нормаларға сай, қауіпсіздік ережелеріне және өртке қарсы талаптарға жауап береді. Телефон, ғаламтор байланыстарымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктермен жабдықталған. Қызмет алушылардың жатын бөлмелері кереует, тумбочка, киім шкафтары, үстел, орындық, тоңазатқыштармен жабдықталған.

Мәдени-көпшілік шаралар өтетін шағын ғана мәжіліс залы тұрғындар иелігінде. «Отау ТV» жүйесі де жұмыс істеп тұр. Барлық қызмет алушылар қазіргі заманауи талапқа сай тұрмыстық қызметпен (кір жуу, кептіру, үтіктеу) қамтамасыз етілген. Монша мен кір жуатын бөлме де талапқа сай. Күнделікті нормаға сәйкес 6 мезгіл тамақтану ұйымдастырылған: ас мәзіріне мезгіліне қарай жеміс-жидектер, көкөністер, әртүрлі салаттар, басқа да тағамдар енгізілуде. Негізі әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-еңбек қызметтері қызмет алушыларды қалыпты өмірлік жағдайға жақындату мақсатында бірге жүргізіледі. Яғни мерекелер, мерейтойлар, туған күндер, аудан орталығындағы мәдени шараларға қатысу жоспарға сәйкес жыл бойы өткізіліп отырса, ал жаз айларында бау-бақша егіп, оны суару, күту жұмыстарына ер адамдар тартылады. Тоқыма тоқу, кесте тігу, бөлме гүлдерін күтумен әйел адамдар айналысады. Орынғаным Кұспанова, Серік Мусенов, Тұрарбек Қонысбаев сынды мекеме тұрғындары әрбір мәдени шараларда өлең айтып, би билеп, көркемөнерпаздар үйірмесінің ұйытқысы болып жүр. Неғметолла Кадетов, Жақсылық Табылдиев, Калиолла Куйчегулов сынды қарияларымыз бау-бақша күтімімен айналысып, еңбекқорлықтарымен көрінуде. Әсіресе Н.Кадетовтың белсенділігі үшін бірнеше рет басқарма, аудан, мекеме басшыларының алғысхаттарымен марапатталғаны сөзімізге дәлел. Спортзал, спорт жабдықтары жоқтыққа қарамастан, спортпен айналысатын қызмет алушыларымыз да аз емес. Мысалға әр жылдарда Г.Коломоец, А.Марчуктар дойбы түрінен түрлі жарыстарға қатысса, Қ.Арыстанбеков, С.Мусеновтер әртүрлі жарыстарда жүлделі орындарды қанжығасына байлады. Т.Қонысбаев үстел теннисінен облыстық спартакиадаға қатысты. Қайырымдылық айлығы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында аудандық шығармашылық фестивалінде Т.Қонысбаев І орынды жеңіп алса, Н.Гиззатова ІІ, Т.Измайлов ІІІ орыннан көрінді.

Мекеменің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы әрі психологі Б.Шайхиева өз қызметін әрдайым жоғары деңгейде жасайтынын айта кеткен ләзім. Түрлі жанжалдардың алдын алу және жою үшін қызмет алушылардың ішкі ресурстарын ашу, тұлғааралық қарым-қатынастарды жақсартуда психологиялық түрлі ойындар ұйымдастырып, тренингтер өткізіп тұрады.  

Мекемеде дәрігер және 3 мейірбике, 2 палаталық санитар, 1 санитар-ваннашы, 2 дәліздік санитар-тазалаушы, 1 кір жуушы оператор қызмет алушылардың денсаулықтарын үнемі қадағалап, оңалту іс-шараларын жүргізуде. 1 мейірбике-диетолог ас мәзірінің қызмет алушылардың тиісті калориялық тамақтану нормаларын сақтап, талапқа сай сапалы дайындалуын қамтамасыз етуде. Мекемеде 2 аспаз, 2 аспаз көмекшісі тиянақты істерімен ілтипатқа бөленуде.

Мекеме тұрғындарының зейнетақылары мен жәрдемақыларын уақытында әрі дұрыс алып тұруын қамтамасыз етуде әлеуметтік-экономикалық қызмет көрсетіледі. Барлық қызмет алушылардың зейнетақы алу қызметі банкоматтық карточка жүйесіне көшірілген.

Сонымен бірге бұл мекемеде әлеуметтік-құқықтық қызмет түрі түрғындар мүддесі жолында қызмет етеді. Қызмет алушылармен жұмыстың оң нәтижесін көрсететін көрсеткіштердің бірі – адамдардың қалыпты өмірге оралып, отбасыларына қайтарылуы. Соңғы 5 жылдағы статистикаға көз жүгіртсек, 2015-2016 жылдары – 3 адам, 2017 ж. – 2 адам, 2018 ж. – 2 адам, барлығы – 7 адам қалыпты өмірге бейімделіп, жанұялық өмір құрып кеткен екен. Бұл – мекеме қызметкерлерінің арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудегі жеткен жетістіктерінің бір көрінісі деп айтуға болады.

Былтыр тағы бір жаңалық – мекемеде ақылы қызмет көрсету бағытындағы алғашқы қадам жасалды. Биыл – өтемақы 69859 теңге болып белгіленіп, 1 адам – Гаммат Шедрекеев келісімшарт негізінде ақылы арнаулы әлеуметтік қызметке алынды.

1964 жылы аудандық ауруханаға қызмет көрсету үшін салынған ғимарат ескі болғандықтан, күрделі жөндеуді қажет етеді. Мекеме ғимараты тар әрі спортзал, душ, кітапхана, киім сақтайтын бөлме, архив және т.б. жасақтайтын бөлмелер жоқ.

Биыл карантин, күшейтілген қарантин жағдайларында жұмыс істеген кезде мекеме қызметкерлері мен қызмет алушылар сақтану шараларын өте мұқият сақтап, барлық қиындықтардан жақсы өтіп келеді. Соның нәтижесі маусым айы аяғындағы COVID-19-ға тапсырылған ПТР талдамасы нәтижесінде 100% теріс нәтиже көрсетілді. Сақтану шаралары әлі жалғасуда. Соңғы уақыттағы мемлекеттік үлгідегі стационарларда жаппай тергеу мен тексерістер өткізуге негіз болған қоғамдық резонанс тудырған кейбір мекемелердегі қызмет алушылардың құқықтарына қысым жасау немесе оларға қатыгездікпен қарау фактілеріне жол берілуін Тасқала арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ұжымы бір ауыздан айыптайды. Ондай фактілердің біздің мекемеде еш уақытта болмағанын, болашақта да ондай келеңсіздіктерге жол берілмейтініне кәміл сенімді.

Соңғы кездегі қойылып жатқан талаптарға сәйкес қызмет алушылар тума-туыстарымен интернетті пайдаланып, онлайн жағдайында тілдесіп, хабарласудың басқа да мүмкіндіктерін ұтымды пайдалануда (Facebook, Instagram).  

28 жыл бойы қоғамның әлжуаз топтарына жататын қариялар мен мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп, аудандағы бірден-бір қамқорлық мекеніне айналған Тасқала қарттар үйі бірнеше ұлттан тұратын қызмет алушыларға болашақта да сапалы қызмет көрсететініне сенімді.

Г.Тұрғанәлиев,

мекеме директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале