Бүгін тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында "Қарызсыз қоғам" жобасы бойынша жиын өтті. Басқосуға аудан әкімі Мұрат Өміралиев және қаржы сарапшысы Құттығалиева Анархан, ауылдық округ әкімдері, мекеме қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында ауыл халқының табысын арттыруға, жұмыссыз отбасылар санын азайтуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған нұсқаулар айтылды.
"Бүгінде аудан орталығы мен Ащысай ауылдық округінің тұрғындары, мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер аталмыш курсқа қатысып, арнайы сертификаттар алды. Оларға қаржылық сауаттылықтарын арттыра отырып, отбасылық бюджетті жоспарлау бағыттары, кәсіп ашу жолдары үйретілді. Сонымен қатар бүгінде әсіресе ауыл тұрғындарына Үкімет тарапынан берілетін неше түрлі жеңілдетілген несиелер, субсидиялар бар екендігі жөнінде және оларды алу жолдары түсіндірілді,- дейді PhD докторы, қаржы сарапшысы Анархан Райымқызы.
Жалпы ауыл халқына қаржылық сауаттылықты жаппай үйрету мақсатында «Amanat» партиясы мен «Халық банкі» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюы нәтижесінде «Аmаnаt» партиясы, «Қазақстан Халық банкі» АҚ және «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығы» РҚБ бірлескен «Қарызсыз қоғам» жобасы біздің ауданымызда маусым айында бастау алған болатын.
Аман Сағи,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz