18.02.2025, 17:00
Оқылды: 280

«Қарызсыз қоғам» жобасы Тасқалада

Аптаның алғашқы күні Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында «AMANAT» партиясы арқылы жүзеге асып жатқан «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру жобасы аясында тұрғындарды оқыту басталды.

Қарызсыз қоғам (7)

Жобаның ашылу салтанатына «AMANAT» партиясы  БҚО филиалының атқаушы хатшысы Азамат Сафималиев, аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин, БҚО «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Анархан Құттығалиева,  қаржы сарапшысы Динара Сүйінішқалиева, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева қатысты.

Қарызсыз қоғам (5)

Алдымен сөз алған «AMANAT» партиясы  БҚО филиалының атқаушы хатшысы Азамат Сафималиұлы жиынның мақастына тоқталып, қатысушыларға  сәттілік тіледі.   «Қайырлы күн, құрметті қатысушылар. Баршаңызды көргеніме қуаныштымын. Бүгінгі жиналыстың себебін жақсы білесіздер. «Қарызсыз қоғам» жобасы еліміз бойынша үш жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Қарызға белшесінен батқандар мен түрлі қиын жағдайға ұшырағандар, оның ішінде отбасынан айырылып жатқандар үшін бұл жоба өте маңызды. Өйткені қазіргі таңда несие беретін мекемелердің саны көбейіп, тіпті үйде отырып телефон арқылы несиелер рәсімделіп жатады. Бұл ел ішінде түрлі қиындықтар туғызуда. Осыған байланысты партия басшылығы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында осындай оқуларды ұйымдастырып жатыр. Биыл Батыс Қазақстан облысында 12 мыңға жуық азаматтың қаржылық сауаттылығын арттыру жоспарланып отыр. Бүгінгі күнде қаржы саласының мамандары сіздермен жұмыс істейтін болады. Бұл жоба тек біздің ауданда ғана емес, бүкіл ел аумағында іске асырылып жатыр. Сіздерді осы жобаға қатысуға  шақырамын. Сәттілік тілеймін»,- деді AMANAT» партиясы  БҚО филиалының атқаушы хатшысы.

Қарызсыз қоғам (3)

Одан әрі  сөз алған аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин жиналысқа сәттілік тілеп, тұрғындарға бүгінгі жиыннан тиімді нәтиже шығару керектігін айтты.

Содан соң  «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Анархан Райымқызы жоба бойынша ақпарат берді. «Қарызсыз қоғам» Ұлттық жобасы биыл үшінші жылға аяқ басып отыр. Мемлекет басшысы жолдауында бұл жобаның халық үшін маңызды екенін және халық тарапынан сұраныс бар екенін атап өткен болатын. Биыл біз сіздермен үш күн бойы қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жұмыс істейміз. Өткен жылы бес күндік оқулар өткізілген болатын, ал биыл екі күнін онлайн форматта ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, несиесін өтей алмай жүрген тұрғындар үшін өңірлік заңгерлер тобы жұмыс істейтін болады. Яғни, біз сіздермен бірге қаржылық сауаттылықты арттыруға және оңтайлы шешімдер табуға бірлесіп жұмыс істейтін боламыз»,-деді Анархан Райымқызы.

Өз кезегінде  «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Әсетқызы осыған дейін ауданда жоба бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, бүгінгі жиынның мақсатты өтуіне сәттілік тіледі. «Біз осы жоба аясында ауылдарға барып, облыстық өкілдермен бес күндік оқулар өткіздік. Аудан бойынша 840 тұрғын қаржылық сауаттылықты арттырып, сертификаттарын алды. Егер сіздердің туыстарыңыз қаржылық қиындықтарға тап болса, оларды  осы шараға қатысуға шақырыңыздар. Біз барынша есеп-шот ашуға көмек көрсететін боламыз. Бүгінгі жиын өз мақсатына жететініне сенемін. Сіздерге осы мүмкіндікті пайдаланып, пайдалы ақпарат алуға шақырамын. Алған білімдеріңіз болашақта көп көмегін тигізетініне сенеміз»,-деді Л.Жұбанышқалиева.

Жиын барысында қаржы мәселесінің қалай туындайтыны, қазіргі уақытта несие қарызын азайтудың жолдары туралы түсіндірме берілді. «Қарызсыз қоғам» жобасының басты мақсаты – халықтың қаржылық сауатын арттыру. Осы жоба аясында табыс көзін көбейту, отбасы бюджетінің дұрыс жүргізілуі, сондай-ақ басқа да қаржылық мәселелер туралы ақпараттар берілетін болады.

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале