Шыңғырлау ауданында өзекті мәселелер талқыға түскен келелі жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев төрағалық еткен жиынға Шыңғырлау ауданына арнайы келген Батыс Қазақстан облысы бойынша тергеп тексеру департаментінің тергеу басқармасының басшысының орынбасары Болат Ажингалиев, Шыңғырлау ауданының прокуроры Серік Орынғалиев қатысып, көтерілген мәселелер бойынша ақпараттар берді.
Күн тәртібіндегі тақырып әлі күнге дейін ел ішінде дендеп тұрған дерт – қаржы пирамидалары туралы болды. Қаржы пирамидасына «Жаңа адамдарды тарту арқылы, солардың қаражаты есебiнен бастапқы қатысушылардың табысын қамтамасыз ету әдiсi. Яғни, пирамиданың қатысушыларына табыс кейiнгi қатысушылардың салымы есебiнен төленедi. Ондай алаяқтыққа қатысқандар жаңа қатысушы тартқанда жоғары табыстылықты, кез келген жағдайда ақша кiрiстiлiгiн, мансаптық сатыда жылдам көтерiлу туралы уәде бередi. Алайда, шын мәнінде, кейінгі қатысушылардың қаражаты қайтарылмайды» деген анықтама берілген. Жылдар бойы алаяқтардың бет-бейнесі ашылып, халыққа олардың жұмыс жасау қағидалары түсіндірілсе де, құрығына түсетін жандар әлі күнге дейін бар. Ешқандай сенімді қаражат көзі жоқ, өндіріс, пайда әкелу сынды нәтижелері жоқ қаржы пирамидаларының өміршең болуына қаржылық сауатсыздық себеп болып отыр. Адамдарды оңай ақша табуға, тез байып кетуге болады деп сендіріп, қаражат салуға, айналасындағыларды тартуға көндіріп, соңында сан соқтырып кетеді.
БҚО бойынша тергеп тексеру департаментінің тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша тергеушісі Бағдат Жұмағазиев аталмыш мәселе бойынша баяндама жасады. Қаржы пирамидаларының жұмысы, амал-айлалары туралы, осы уақытқа дейін орын алған оқиғалар жайында айтып, олардың торына түскен жағдайда қандай салдары болатынын жиынға қатысушыларға түсіндіріп өтті.
Бұның барлығын тоқтату үшін, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет дейді сөз алғандар. Барша тұрғындарды қашан да сақ жүруге, жеңіл жұмысқа, оңай пайдаға жүгіріп, алаяқтарға сеніп қалмауға, қаржылық сауатты болуға шақырды. Қаржы пирамидаларының қандай да бір белгілерін байқаған жағдайда қаржылық мониторинг агенттігінің call-орталығына 1458 нөмірі бойынша хабарласуларын сұрады.
Халық арасынан сөз алып, сұрақтарын қойғандарға толыққанды жауаптар берілді.
Әсел Әлім
Шыңғырлау ауданы