22.04.2022, 11:30
Оқылды: 60

Кашура Мұхтарқызы: «Әкеміз Жымпитыны қиған жоқ!»

Мұхтар Әжіғұловтың есімі Батыс Қазақстан өңіріне, соның ішінде жымпитылықтарға жақсы таныс. Ол – соғыс жалынынан аман шыққан жауынгер, ел үшін еңбек қылудың ерен үлгісін өмірімен дәлелдеген өр тұлға. Келесі айдың басында Сырым ауданында Мұхтар Әжіғұловтың дүниеге келгеніне 100 толуына орай мәдени-көпшілік іс-шаралар өтпек. Соның қарсаңында ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, «Шапағат» медалінің иегері, асылдың сынығы Кашура Мұхтарқызымен әңгіме өрбіткен едік.

5

- Қайырлы күн, Кашура Мұхтарқызы! Ұлы Отан соғысында ұран салған, Сталинград, Калинин, Бірінші және Екінші Прибалтика майдандарында ерен ерлік көрсеткен жауынгер Мұхтар Әжіғұловтың қызысыз. Әкеңізді батырлыққа баулыған не қасиет деп ойлайсыз?

- Біздің әкеміз өз шаңырағындағы балалардың тұңғышы, ең үлкені. Сондықтан ол бала күннен ата-анасының алдындағы перзенттік, бауырларының алдындағы ағалық жауапкершілікті сезініп өскен секілді. Өзінен кейінгі інісі мен екі қарындасына жүрек жылуын төгіп, олар үшін үлгі, даңғыл болуға тырысу бала Мұхтарды ерте есейтті.

Қазақ даласына соғыстың хабары жетті. Азаматтар майданға алынды. Сол уақытта жақсылыққа жан салғыш, кіші мен мұқтажға жаны ашығыш оның жанұясына, туған өлкесіне деген мейірім-махабаты бір-ақ сәтте ыстық қайратқа, суық айбарға айнала салды. Қару асынып, жауға аттанды. Себебі, Отанын сүйді. Оны батырлыққа баулыған - осы қасиет.

-Биыл Мұхтар Әжіғұловтың дүниеге келгеніне 100 жыл толады. Майдандағы ерлік ізі туралы айттық. Ал асыл ердің еңбек даңғылы Жымпитыда ғой. Осы жақта партия бюро комитетінің мүшесі, кейін мектеп директоры, екінші хатшы қызметтерін атқарды. 1965 жылдан 1972 жылға дейін Жымпиты ауданы атқару комитетінің төрағасы болды. Әкеңіздің өмірінде Жымпиты өңірі қандай орын алды?

- Иә, биыл 1 мамырда әкеміздің туғанына 100 жыл толады. Ол осыдан үш жыл бұрын, 11 маусымда ортамыздан кетті.

Мұхтар Әжіғұловтың өмірінде Жымпитының салған өрнегі көп. Саналы ғұмыры Сырымның елінде өтті.

Жымпиты өңіріне қызметке келген кез – әкеміздің Жұбанша айтқанда «айқасқа сынға асық, жұлқынғанда жанартаудай жойқын, шарықтаса қырандай шыңға шығатын шағы» еді. Сондықтан да жаңа жігер-серпінмен, тың оймен кірісіп, түрлі лауазымда өнімді еңбек ете алды. Ел де оның қабілет-қарымына, мүмкіндігіне сенді.

Жымпитыдағы мектептің директоры болып жүргенде үш-ақ  сыныбы бар, азып-тозған ауыл мектебінің жай-күйі оны қатты алаңдатты. Ғимарат талапқа сай емес, сабақ беріп, жұмыс жүргізу үшін тар. Бала оқитын жер ең әуелі оқушыға ыңғайлы болуы тиіс. Жаңа мектеп тұрғыза қоятын қаражат та жоқ. Әкеміз тәуекел деп, елді жұмылдырып, жоғары сыныптың оқушыларын еңбекке тартып, тастан 10 кабинеті, 1 спорт залы бар жаңа мектеп салды.

Кең, жаңа мектепті көріп, өзімді бақытты санадым! – деп еді кейін естелігінде.

- Мұхтар Әжіғұловтың тағы бір ерен ісі – Жымпитыға ауыз су тартқаны шығар. Ауылдан 7 шақырым жерден су ұңғымасын тауып, басшыларға ұсыныс беріп, ақыры ауылға су құбырын тартатын бригаданы алдырды. Жымпиты көшелерінде су нүктелері пайда бола бастады.

Оның елдің игілігі үшін қабылдаған маңызды шешімдері аз емес. Аудан орталығындағы әлеуметтік ғимараттардың құрылысы, Жымпитыдағы алғашқы ауылішілік жолдар – бәрі - бәрі Әжіғұловтың есімімен байланысты бастамалар екенін мен ғана емес, көзкөрген ел біледі ғой.

- Әкеміз Орда құмында дүниеге келді. Сол жақтан майданға аттанып, зұлмат ортасынан келгенде мейірі қанып, иіскегені де – Орданың топырағы еді. Дегенмен Жымпитыдан Оралға көшерде жүрегінде аласапыран болды. Ол сезімнің аты – қимастық еді. Әкеміз Жымпитыны қиған жоқ. Біз оны сездік.

Кейін де Жымпиты десе ерекше елең ете қалушы еді. Осы жақтағы бүгіл кеңшар директорларының, тіпті көлік жүргізушілері мен механиктерінің есімдерін жатқа айтып отыратын. Біздің де сыныптастарымыз, достарымыз осы елде. Бәріміздің де Жымпитыға деген сағынышымыз бар.

-Майдандағы Мұхтар туралы естеліктер сөйлейді. Саяси қызметтегі Әжіғұловтың бейнесін артында қалған ісі айшықтайды. Ал, жанұядағы Мұхтар жар, Мұхтар әке туралы не айтасыз?

- Анамыз Қойсын сегіз рет құрсақ көтерген, өкінішке орай шетінеп кеткен сәбилері болды.

Алдымызда Қуандық деген ағамыз болды, ол – ата мен әженің қолында болып, даланың ұлы мектебінде тәрбиеленді.

Қалғанымыз – кілең қыздар едік. Әкеміз қыздарын өте жақсы көрді. Дауыс көтеріп, «жиналыс жасап» ұрсып көрген емес. Десек те, Мұхтардың қыздарында кішісі үлкенін сыйлап, тыңдайтын  тәртіп болды. Сол тәртіп - тәрбиемен бой жеттік. Бәріміз де оқу озаты болдық. Мұғалімдер «бестікті» аудандық атқару комитеті төрағасыныңі қыздары болғанымыз үшін емес, білім үлгеріміміз үшін қойды. Әпкеміз Орынша қоғамдық жұмыста, мектеп шараларында белсенді болды. Әр баланың мінезі әртүрлі болады ғой. Мен ата-анаммен пікір таластырып көрмедім. Ал біздің Хафизаның мінез-құлқы әкемізге тартқан. Сіңліміз тәуекелшіл, алғыр, діттеген мақсатына жетпей қоймайтын, қайтпас өткірлігі бар.

4

Қос бәйтерегіміз ажал айырғанша, 60 жыл отасты. Гауһар тойларын тойладық. Біз әкеміздің жарын, анамызды қалай сыйлағанын көріп өстік.

- Бүгінде өзіңіз денсаулық сақтау саласында қызметтесіз. Әкеңізден өрбіген ұрпақтар қай салаларда қызмет қылып жүр?

- Иә, мен де, апам Орынша да - денсаулық сақтау саласында қызмет жасаймыз. Бірақ ол медицина маманы емес. Сіңлілеріміз қаржы саласын таңдады. Хафиза – экономист, ал Гүлнар – бухгалтер - экономист.

Ағамыз Қуандық - инженер. Оның ұлдары банк саласында, менің балаларым – құқық қорғау қызметінде. Педагогтар, музей қызметкерлері де бар бізде.

Әкеміз ақсақалдық жасқа жетіп, ғасырға жуық ғұмыр сүріп, дүниеден өткенше 8 шөбересін көріп кетті. Немере-жиендері, ұрпақтары алуан саланы меңгеріп, республика мен әлемнің әр қиырында - Оралда, Нұр- Сұлтанда, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында, Латвия мемлекетінде еңбек етуде. Ұрпақтары – әкеміздің дүниеде жинаған байлығы!

- Сырым ауданындағы Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның Құрметті азаматы, белгілі ел азаматы  Мұхтар Әжіғұловтың 100 жылдығына арналған шаралар бастамасын қалай қабылдадыңыз? Кейінгі буын ол кісінің қай қасиеттерін, қай сөзін ұстаным еткені дұрыс?

- Ғасырлық белес – ұрпақтары ғана емес, Әжіғұловты танитын ел үшін де тарихи мән-маңызы бар меже, елеулі оқиға ғой. Иә, әкеміз – Сырым ауданының Құрметті азаматы. Одан бөлек, ол – Бөкей ордасы ауданының, Орал қаласының және Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы. Міне, оқ пен оттың ортасынан аман оралып, ел мен жұрттың ортасында қызмет қылған қайраткер ердің қоғамда орыны, бағасы болуы керек қой деп ойлаймын.

Әжіғұловтың құрметіне арналған шараларды Сырым ауданы бастап жатыр. Халыққа, әкімдікке алғысым зор! Ерлер ел жадында мәңгі тірі болады екен!

 

 

Әңгімелескен:

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале