11.09.2020, 10:51
Оқылды: 174

Қашықтан оқу: олқылықтар түзелгенмен...

Әдеттегіден ерекше басталған оқу жылының алғашқы апталары аяқталды. Онлайн оқу несімен ерекшеленуде? Қандай қиындықтар болды? Осыны бір саралап өтсек... 

distance

Интернет желісінде де, телевидениядан да елордада оқушылардың видеоконференциясына белгісіз біреулер кіріп, ХХХ форматтағы видео ұсынғанын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Одан бөлек, интернет тролльдар білім платформаларына шабуыл жасап, аты шулы ЗУМ-ды бұзғаны туралы да ақпараттар желдей есуде. Әзірге аудандағы білім ошақтарының балаларына «жыныстық тәрбие» сабақтарын ешкім көрсете қоймады. Сондай-ақ оқушылар чатына белгісіз жандардың кіріп, сабақ оқытуға кедергі келтіргені туралы дерек тіркелмеді. Бұл, біріншіден, аудан ұстаздарының жауапкершілігінен болар. Өйткені арнайы видеоконференцияға қосылу үшін ұстаз бен оқушыға ғана белгілі кодты білуің керек. Ол кодты таратпауды мұғалімдер де, оқушылар да біледі. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің мамандары мегабайттың жауы саналатын ЗУМ бағдарламасын пайдаланудан бас тартқан. Бірақ, осыған дейін түрлі әлеуметтік желілерде ата-аналардың жанайқайы қаттырақ шыққан еді. Әсіресе, бастауыш сыныпта оқитын балалары бар ата-аналарға қиын соқты. Өйткені, онлайн мектеп платформасына орындаған оқу тапсырмасын жүктеу жағы қиын. Бұл мәселе де әлі шешімін тапқан жоқ. Интернет жағы нашар ауыл ата-аналары да тулағанын көзі қарақты адам байқады. Көбі сол онлайн мектеп платформасының нашар жұмыс жасағанын айтумен болды. Мәселенің анық-қанығына жету үшін және елді шулатқан лайв оқудың жайы қалай шешіліп жатқанын сұрап, білім бөліміне жолықтық.

 

7364 оқушы қашықтан білім алуда

 

Бізге жаңа оқу жылы жайында ақпаратты берген аудандық әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Гүлжан Рамазанованың айтуынша, оқу жылының басында 22 мектеп қашықтан оқуға кіріскен. Бірақ, шалғай жатқан Январцев ауылында интернет желісінің нашар болуына байланысты қыркүйектің бесі күні аталған ауылдағы білім ошағы штаттық режимге ауыстырылған.

- Оқу жылының басында Январцев ауылында интернет нашар екенін айтып, біраз шағым түсті. Сол шағым негізінде аудан әкімдігі мен аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы және аудандық білім бөлімінің мамандарынан арнайы жұмыс тобы құрылып, Январцевқа барып, мектептің штаттық режимде білім беруге мүмкіндігі бар-жоғы тексерілді. Қорытындысында қыркүйектің бесінен бастап, Январцев мектебі барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі білім беруге көшті, - дейді Гүлжан Хамитқызы.

Білім бөлімі маманының сөзінше, жаңа оқу жылына 8921 оқушы кіріскен болса, оны 7364 онлайн білім алуда. Ал қалған 1548 бала штаттық режимде оқуда. Бұдан бөлек қазір Зеленый мектебін штаттық режимде білім алуға көшіру жайы қарастырылуда екен.

 

Алғашқы апта әлегі жойылғанмен...

 

Оқу жылы басталған кезде ыңғайлы деген онлайн платформа жасамағанын ерінген адам ғана айтпады. Тарихта алғаш рет ұйымдастырылған онлайн оқу болған соң бастапқы кезде қиындықтар көп болғаны рас. Бірде онлайн мектеп платформасы ашылмаса, ашылған күннің өзінде сабақ кестелері дұрыс қойылмай, тіпті өздігінен өзгеріп кеткен жағдайлар да кездесті. Оны аудандық білім бөлімінің мамандары да жасырмайды.

- Алғашқы күндері онлайн мектеп мүлдем жасамаған кездер болды. Бір мезетте барлық мектеп оқушылар кірген кезде сервер қатып қалды. Оны реттеу үшін сервердің жылдамдығын көтеруге тура келді. Ол жұмыстарды жасау барысында платформа тағы да істен шықты. Оқу жылы басында онлайн мектеп формасы өзгеше болған болса, алғашқы олқылықтардың көзі жойылған соң мүлдем басқа кейіпке енді. Бір апта бойы сервердің қатып қалуы көптеген қиындықтар туғызды, - дейді аудандық әдістемелік кабинет әдіскері Қанат Тәпішев.

Қанат Бақтығалиұлының айтуынша, қиындықтар әлі де кездеседі екен. Бірақ, алғашқы аптадағыдай емес, біраз олқылық түзетілген. Бірақ шалғай орналасқан әрі интернет жылдамдығы төмен ауылдарда арнайы платформа әлі де ақсап тұрған көрінеді.

- Онлайн мектеп платформасы негізі жақсы ойластырылған. Оны ұстаздар қауымы да жоққа шығармайды. Бірақ, желінің әлсіздігі оның барлық мүмкіндіктерін пайдалануға мүмкіндік бермеуде, - дейді Қ.Тәпішев.

 

Көмекке whatsapp пен телеграм келеді

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында ұстаздардың әлі де мессенджерлерге телміріп отырғанын атап өткен еді. Ол мәселенің шешу жолдарын тапсырғанын да мәлімдеді. Бірақ, жоғарыда аталған ыңғайсыздықтардың кесірінен мұғалімдер whatsapp, телеграм мессенджерлерінің мүмкіндігін пайдалануға мәжбүр.

- Онлайн платформа істен шыққан кезде немесе мұғалім жүктеген тапсырманы көруге интернет күші жетпеген шақта оқушылар тапсырмаларды мессенджерлер арқылы алып, орындап, ұстазына кері жібереді, - дейді Қ. Тапишев.

Оның сөзінше, бір ауылдың өзінде интернет күші әркелкі екен. Сол себепті онлайн мектепке кіру қиындық туғазатын көрінеді. Бірақ алғашқы аптадағы олқылықтар түзетілген және бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда.

 

Ата-ана не айтады?

Материалды дайындау барысында біраз ата-анамен сөйлесіп, пікірін сұраған едік. Көбі онлайн мектепке кіру қиын екенін айтты. Кейбіреулері пікір білдіруден қашты. Ал алыс ауылдарда тұратындары балалары онлайн мектептен гөрі ватсаппен көбірек сабақ оқып жүргенін жеткізді. Арасында «қашықтан білім алу – балаларды миғұла ету» деп ашық қарсылығын білдіргендер де болды.

Бірақ ойларын айтқан ата-ананың нобайы атын атап, газетке шығудан бас тартты.

- Қызым бес оқиды. Кеше ғана бастауыш сыныптан шыққан балаға онлайн мектеп платформасын пайдалану қиынға соғатыны рас. Оның үстіне біз тұратын ауыл шетінде мобильді интернеттің жылдамдығы керемет емес. Сол себепті көбіне ұстаздарға хабарласып, ватсап арқылы тапсырма аламыз. Бір қуантарлығы ешбір мұғалім бетімізді қайтарып көрмеді, - дейді ауыл тұрғыны Әлия Атшибаева.

Әлия ханымның айтуынша, қазіргі жағдайда әр ата-ана баласының сабағын мықтап қадағалауы керек екен.

- Қазір ұстаз бен оқушы арасында тікелей байланыс жоқ. Мұғалімдер мектептегідей сабақ талап ете алмайды. Сондықтан балаларымыздың берілген тапсырманы орындауын үздіксіз қадағалау керек. Бір-бірінен көшірмей өз бетімен оқығанына ерекше мән берген абзал, - дейді Әлия ханым.

 

Оқушылар онлайн мектепке үйрене бастағандай

 

Ұстаздар қауымы да, ата-аналар мен білім бөлімінің мамандары да жөнді интернет болса оқу платформасымен жақсы жұмыс жасауға болатынын айтқан. Сол себепті оқушылардың да пікірін сұрауды жөн көрдік. Негізінен жоғары сынып оқушыларымен тілдестік. Бізге өз пікірін білдірген оныншы сынып оқушысы Жасмин Ғайсаның сөзінше, қазіргі жағдай оқушыға қиын соғуда екен. Бірақ лайв сабақтарға осы күні үйренген.

- Қазіргі жүйенің бір ұтымды тұсы – уақыт үнемдеймін. Үйден шықпай-ақ сабақ орындап тастаймын. Тек интернет желісі жақсы жұмыс жасаса болғаны. Зейін қойып тапсырманы тыңдап, онлайн мектептің барлық тұстарын игеріп лған оқушыға еш қиывндық тудырмайды. Бірақ ешбір онлайн сабақ ұстазды ауыстыра алмасы анық. Десе де қашықтан оқуға тура келген соң көнеміз. Барлық қиындықтар уақытша. Біз де бір күні мектепке барып, партаға отыратын күнді сағындық, - дейді Жасмин.

Оқушының айтуынша, онлайн мектептің еш қиындығы жоқ екен.

- Көп адамның биылғы оқу жылына көңілі толмай жатқанын естіп жүрмін. Ел үкіметін даттап, білім саласын жамандап жатыр. Бірақ, елде жыл сайын карантин режимі болып жатқан жоқ. Жаңа нәрсе қашан да қиындық туғызады. Десе де, басымызға қашықтан оқу бұйырған екен, оны қабылдап, оқуымызды жалғастыра беруіміз қажет. Өйткені оқушының ең бірінші міндеті – сабақ оқу, - деді Жасмин өз сөзінде.

 

Түйін

 

Бірнеше пікір алып, біраз адаммен тілдестік. Қашықтан оқудың оңай еместігін де көрдік. Десе де ыңғайын тауып, ретін келтірген адам неге болса да үйренеді. Әр жаңа нәрсе өзінің қолдаушысын да, даттаушысын да табады. Онлайн мектеп те дәл солай. Бүгін оны жамандағандар көп болса, уақыт өткен сайын жақтаушылар саны артады. Бұл білім беру жүйесі толығымен қашықтық оқуға көшсін дегеніміз емес. Бірақ ақпарат тасып, технология қарыштап дамыған шақта мектепте алған біліміңді жетілдіріп, білігіңді арттыру үшін онлайн мектеп сияқты платформалар керек-ақ. Бүгін ол оқушыларымыздың уақытша ұстазына айналған болса, болашақта оқу құралына болмасына кім кепіл? Сондықтан, жауапкершілік жүгін біріге көтерсек қана жеңілдете аламыз. Соны ұмытпайық.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале