Бүгін Шыңғырлау ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ұлт руханиятының ордасы – кітапхана қызметкерлері күніне орай мерекелік жиын өтті. Жиынға аудан орталығындағы және ауылдық округ кітапханашылары қатысып, өз саласында еңбегімен көзге түскен үздік қызметкерлер түрлі марапаттармен марапатталды.
Жиында кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев ұлттың ұлағатты қазынасын халыққа жеткізуде, руханият көшін алға тартуда елеулі еңбек етіп жүрген кітапхана саласының жұмысы аса маңызды екенін атап өтті. Кітапхананың ұлтты тәрбиелеудегі рөлін айта келіп, барша кітапханашыларға жемісті еңбек жолын тіледі. Сондай-ақ, аудан көлемінде бүгінде Ақбүлақ және "Дән" ауылдық кітапханалары модернизациядан өтіп жатыр, алдағы жоспарымызда аудан орталығында Мәдениет Үйін, Салтанат сарайын және балалар кітапханасын салу жұмыстары бар, - деп атап өтті.
Бұдан әрі ауданымыздың мәдени және рухани дамуына зор үлесін қосып жүрген кітапхана саласының мамандарын мерекелік марапаттау рәсімімен жалғасқан жиында ҚР-ның Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің алғыс хатымен және «Қазақстандық кітапханалар Одағы»-ның «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Галина Гончарова, «Дән» ауылдық кітапханасының кітапханашысы Жанар Истелеева марапатталды. Бірқатар кітапханашылар облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің, аудан басшысы М.Өмірәлиевтің алғыс хатына ие болып, Қазақстан салалық, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Ақбұлақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Нұрилә Дарисова марапатталды.
Кітап, білім- дұрыс өмір сүрмекке,
Оның құны сыймайды әсте бір бетке.
Ұлылардың ұлағатын шыңдаған,
Кітапхана орындығын құрметте! - дейтін болсақ, ұлт руханиятының ұстыны, әлемдік ғылым-білімнің осындаға ордасы – аудандық орталықтандырылған кітапхана мен ауылдық кітапханалар ұжымдарына мерекелі күнінде осындай құрмет көрсетілді.
Қаршыға Елемесов
Шыңғырлау ауданы