28.09.2025, 16:30
Оқылды: 138

Кәсібін кеңейткен көпбалалы ана

Елімізде еңбек етемін деген адамға түрлі бағдарламалар, қайтарымсыз гранттар мен қолдау жобалары жүзеге асырылып, кәсіптерін кеңейтуге жол ашуда.

photo-output

Осы орайда, Қайыңды ауылының кәсіпкер келіні – Ғалымжан Фариза атқарып жүрген ісімен көпке үлгі бола білді. Көпбалалы ана бола тұра, еңбектен қашпай, отбасының игілігі үшін тер төгіп жүрген Фариза қазіргі таңда нан өнімдерін өндірумен айналысады.
Фариза өзінің табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында ауылда шағын наубайхана ашып, кәсібін кеңейтіп отыр. Ауыл келіні жолдасы Мержанмен бірге 4 баланы тәрбиелеп, отбасының берекесін арттырып отырған жан. Мемлекеттен жаңа үй беріліп, отбасымен сонда көшкен. Ал бүгінгі таңда оның есімі тек көпбалалы ана ретінде емес, нан ұсынып отырған шағын кәсіпкер ретінде де танылып келеді.

Тек бір жыл бұрын ғана ошақта нан пісіріп бастаған ол, бүгінде мемлекеттік қолдау арқылы қайтарымсыз грантқа ие болып, шағын наубайханасын ашты. Алған қаражатына нан пісіретін пеш пен илеу құралдарын сатып алып, күніне үш рет нан пісіріп, ауыл дүкендеріне таратады. Кәсібін кеңейтуді мақсат еткен іскер ана болашақта наубайхананың аясын ұлғайтып, нан өнімдерінің бірнеше түрін өндіруді көздеп отыр.

- Жолдасымның табысына қарап отырмайын, қосымша табыс көзі болсын деп, нан пісіруді қолға алдым. Бұрын балаларымның жазғы демалысында енем нан пісіретін. Екінші анамның қасында жүріп, ошаққа нан пісірудің қыр-сырын үйреніп алдым. Осыдан тура бір жыл бұрын үйдің ауласындағы ошақта нан пісіріп, ауылдың тұрғындарына сата бастадым. Сол кезде қолымнан келетін іс екенін түсіндім. Биыл мемлекет тарапынан көпбалалы ана ретінде қайтарымсыз грант алуға өтініш білдіріп, жобам мақұлданды. Грант көлемі – 1 572 800 теңге. Бұл менің үлкен арманымды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік берді. Күніне 10 нан дайындап, әрқайсысын 300 теңгеден сатамын. Ал жұма күндері ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша бауырсаққа арналған дайын ашытылған қамыр (тесто) сатамын. Оның бағасы – 1 кг үшін 750 теңге. Дайын тесто көп аналардың уақытын үнемдейді, сондықтан бұл бағытты да дамытудамын. Қазір пісірген нанымды ауыл дүкендеріне апарып, сатуға қоямын. Тұрғындар да алдын ала тапсырыс беріп, үйден алып келіп жатады. Ыстық нанға әрдайым сұраныс бар, - дейді кәсіпкер ана.

Алынған қаражатқа ол наубайхана үшін қажетті нан пісіретін пеш пен нан илеуге арналған құрал сатып алған. Бүгінде шағын наубайханасында күніне үш рет нан пісіріледі. Бір ретте 10 нан қалыбын қатар пісіруге болады. Дайын өнім ауылдың дүкендеріне жеткізіліп, сонымен қатар үйден сатып алушылар да аз емес. Ыстық нанға сұраныс жоғары.

photo-output

Алдағы жоспары да ауқымды. Қазір үлкен пеш бар, бірақ оған кең сарай қажет. Ендігі жылы сарай салып, өндіріс ауқымын кеңейту жоспарда тұр. Сонымен қатар, нанның бірнеше түрін, бәлкі, тоқаш, тәтті пісірілімдер, ұннан жасалатын өзге де өнімдерді шығару ойында бар.

Қарапайым қолмен басталған ісі Фаризаның бүгінде нақты жобаға айналды. Фаризаның табандылығы мен кәсібилігі жұмыссыз отырған жандарға үлгі боларлық іс деп ойлаймын. Оның бастамасы ауылда кәсіпкерлікке бет бұрып жатқан өзге көпбалалы аналарға да мотивация берері анық. Сонымен қатар ауылдың қарапайым келіні Фариза әлеуметтік желіде ауылдың күнделікті тұрмыс-тіршілігін бөлісіп келеді. Алдағы уақытта бұл шағын наубайхана үлкен өндіріс көзіне айналарына сенім мол.

- Фаризаның еңбекқорлығы – көпке үлгі. Ол отбасын тәрбиелеумен қатар, өз кәсібін де дөңгелетіп жүрген ауыл келіні. Күн сайын ауыл тұрғындарын жаңа піскен, хош иісті ыстық нанмен қамтамасыз етіп отыр. Бұл – көпбалалы ананың балаларының болашағына бей-жай қарамай, нақты әрекетке көшкенінің айғағы. Осындай табанды, іскер аналарымыз – ауылымыздың шынайы мақтанышы, - дейді ауыл тұрғыны Айсұлу Кенжеғалиева.

Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале