Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында жеке кәсібінің тасын өрге домалатып жүрген белсенділер өте көп. Осындай ауыл бетке ұстарларының ішінде халық игілігі үшін бірнеше нысан ашып, нарыққа үлес қосып отырған Беляловтар әулетін ерекше атап өткіміз келеді.
Ерлі-зайыпты Жасұлан мен Дина «Кәсіп түбі – нәсіп» деп 2013 жылы саудаға бет бұрды. Кейін наубайхана, заманауи талапқа сай мейрамхана ашып, жеке кәсіптерін дөңгелете түсті. Әрине, маңдай тер, ақадал еңбегінің арқасында бүгінде Жасұлан мен Дина белді кәсіпкерлердің біріне айналып, тұрғындардың алғысына бөленуде. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар ауылдық округте өтетін қайырымдылық акцияларынан шет қалған емес. Жыл сайын өтетін «Қайырымдылық» айлығы, «Мектепке жол» акциясы және Жаңа жыл мерекесінде балғындардан сыйлығын аямайды. Бүгінде ауыл тұрғындарының қажеттілігін өтеген дүкен мен мейрамхана уақытпен санаспай жұмыс істейді.
- Біздің ауылдық округ аудан орталығынан қашықта орналасқандықтан, ауыл тұрғындары азық-түлікті көбіне ауылдан алғанды жөн көреді. Біз де сол халықтың сұранысына сай барлық азық-түлік, киім-кешек, өзге де күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды әкелуге тырысамыз. Сауда жүріп жатыр. Жаман емес,- дейді Дина Сүйінішқалиева.
Кәсіпкердің талай тұрғынның шаттығы мен қуанышты тойының куәсі болған мейрамханасына да арнайы атбасын бұрған болатынбыз. Мейрамхананың сырт келбеті анау керім әдемі болмағанымен, табалдырығынан аттай бере таңданысың арта түседі екен. Аудан орталығындағы беделді деген тойханалардан бір кем емес. Іші жарқырап тұр. Төбесі биік, ауқымы кең, дөңгелек үстелдері де үйлесім тапқан. 180 адамға арналған тойханада арнайы қонақ қабылдайтын «VIP» залы да бар.
- Жолдасым Жасұлан ұзақ жылдар «Қазақтелеком» АҚ-да, мен мектепте жұмыс істедім. Менің негізгі мамандығым – химия-биология пәнінің мұғалімі. Қазіргі таңда бес бала тәрбиелеп отырмыз. Жеке кәсіпті 2013 жылы алғаш рет бастадық. 2018 жылы ауылдасымыз Хансұлу Татеновадан тойхана сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп, жаңғыртып, жаңартып, қайта аштық. Тойханада бір аспазшы, алты даяршы жұмыс істейді. Сондай-ақ наубайханамыз да жұмыс істеп тұр. Мұнда нан пісіруші әйел адам қызмет етеді. Күніне 60 нанға дейін пісіріп, сатамыз. Заман ағымына орай балаларымыздың болашағына ерте қамданып, қызмет етейік деп жеке кәсіппен айналысып жатқан жайымыз бар, - дейді жеке кәсіпкер Дина Жұматқызы.
Алтынбек Ермекқалиев
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер