Жақсылық жасап жарысқанға не жетсін?! Қиын кезде жұдырықтай жұмылып, "біргеміз - берік іргеміз" қағидасын қатаң ұстанып, мұқтаж жандарға көмектесу қазақ халқының қанына сіңген жақсы қасиет.
Біз аты шулы коронавирус індеті елімізде етек алып, тыныштығымызды қашыра бастаған күннен бері көптеген жомарт жандардың жақсылығын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге тырыстық. Бірақ жомарт жандар біздің жазғанымызды құп көрген жоқ. Оның үстіне қасиетті Ораза айы басталғалы қайырымды жандардың қатары да мүлдем көбейді. Жақсылық істі жария жасап, санауға болмайды. Десек те, осы бір аз ғана қайырымды істеріміз, біздің бұқараға жариялауымыз арқылы көптеген жаны жомарт жандарға үлгі болып, жақсы істер жалғасын тауып келеді. Біз сол үшін де еңбегіміздің еш кетпегенін сезініп жүрміз.
Бүгін Орал қаласында тұратын, ұрпақ сабақтастығы Жалпақтал топырағынан бастау алған Темірғалиевтер әулетінің перзенті Миржан Ахатов та қайырымды істен қалыс қалмай, жалпақталдық жалғызбасты көпбалалы отбасыға көмектесіп, бірінші кезектегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік алып берді.
Күтпеген қамқорлыққа қолы жеткен жалғызбасты көпбалалы ана жомарттық танытқан жерлес інісіне ризашылығын жеткізді.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы
zhaikpress.kz