2.02.2022, 11:31
Оқылды: 227

Кәсіпке талап қылған жандар

Адамды адам еткен – еңбек. Бұл казталовтықтар үшін ұранды сөзге айналды. Себебі ауданымызда кәсіби біліктілігі шеңберіндегі жұмысымен қатар, жеке кәсіппен айналысып отырған жандар бар. Бірі айлықақысын, бірі қосымша табысын кәсіп бастауға бөліп, өзіне шағын инвестиция салған. Осылайша кәсіптің көзін тапқан жандарды аудан жұртшылығына таныстыруды жөн көрдік.

Касипке талап кылган жандар (2)

Қазақ шіркіннің көңілі далаға ауып, ауылды аңсайтыны белгілі. Кейде жұмысыңды ысырып қойып, ауылға, туған жерді бетке алып кете бергің келіп тұрады. Бірақ амалым қаншаға саламыз. Әйтсе де аңсарыңды басар құрт, айран, қымызымыз барына тәубе дейміз. Олардың да заманға сай түрі көп. Мәселен, құрттың «жаңғақ» деген түрін естіп көрген бе едіңіз?Ал Әбіш ауылының келіні, қазіргі таңда жұмыс бабымен Казталов ауылында тұратын Альбина Шаймарданова құрттың түр-түрін сатып, шағын кәсіппен айналысып отыр. Отбасының қамы үшін тәуекелге барып, қолға алған бастамасына көп уақыт болмады. Өзі былай деп сыр шертеді.

– Жалпы, еңбек етудің, кәсіп бастаудың ерте-кеші жоқ. Отбасымызда тек отағасы ғана қызметте. Ал үйдің тірлігі мен қазан-ошақ қамы менің мойнымда. Бірақ әйел қырық жанды деген бар ғой. Отағасының тапқан нәпақасына қарап отыра бермей, өзім де шағын кәсіп бастауды жөн көрдім. Өзім жұмыс істеген уақытта жинаған азын-аулақ қаражатым болды. Соны кәдеге асырамын деп шештім. Сөйтіп, 2021 жылдың жазында Алматыдағы ағайындар арқылы құрт бизнесін қолға алдым. Бұл құрттың ерекшелігі – пішінінің әртүрлілігінде. Атап айтар болсам, ысталған, классикалық, текше, ромбы тәріздес, базилик, бамбук, жаңғақ пішінді құрттар. Сонымен қатар ащы құрт та бар.

Касипке талап кылган жандар (1)

Алғашында сұраныс аз болды. Кейін сатып алушылардың оң пікірі нәтижесінде қызығушылық танытқандар қатары артып, тұрақты сатып алушыларымыз пайда болды. Кәсіптің алға жылжуына үміт бар екеніне көзіміз жетіп, тапсырыс көлемін арттырдық. Бір келі құрт бағасы – 2000 теңге, жарты келісі – 1000 теңге. Баға да өнімнің шалғай аймақтан жеткізілуіне байланысты қойылады. Егер шалғай елді мекеннің тұрғыны болсаңыз, Instagram-дағы @qurt_kaztalov парақшасы арқылы да тапсырыс қабылдаймыз, – дейді Альбина Шаймарданова.

Альбина Қобыланқызы құрт сатудан бөлек, SMM-маманы ретінде де онлайн қызмет көрсетеді.Instagram, Facebook әлеуметтік желісін дамыту арқылы еліміздің батыс өңірлерінен бірнеше тапсырыс қабылдап, белгілі бір кәсіпкердің, мекеменің парақшаларын жүргізіп, табысын арттырып отыр. Жас ана кәсіп пен отбасылық өмірді қатар өрбітіп, көпшілікті тәнті етіп жүр.

Казталовта кәсіптің көзін тапқан жанның бірі – Әсем Халиуллина. Ауданымызда қайсыбір мерекеде, отбасылық іс-шараларда нәзік жандылардың көңілін табу үшін гүл іздеп, қалаға бет бұратынымыз анық. Тапсырысымызды әкелуге Орал – Казталов бағытында көлік іздейтініміз тағы бар. Ол әдемі гүліңізді дәл сол қалпы жеткізе алса игі. Әсем Болатқызы көңілі күпті болған ағайынға үміт сыйлап, шоқ гүлдерді ауданымыздан сатып алуға мүмкіндік жасады. Халық игілігі үшін қолға алған бастамасы оң нәтиже беріп, тапсырыстар да артуда. Ауданымызда гүл сатуға арналған арнайы орын болмағанымен, амалын тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған Әсем Болатқызының өзімен сұхбаттасып, кәсібі жөнінде ақпараттан хабардар болдық.

– Гүл сату кәсібімен айналысып жатқаныма екі айға жуық уақыт болды. Бұл – қызығы мен қиындығы қатар жүретін кәсіптің түрі. Оның үстіне гүл сақтайтын арнайы орынның болмауы да ісімізге кедергі болды. Бірақ қалауын тапса, қар жанар. Жалпы, кәсіпті бастамас бұрын көп іздендім.Осы уақытқа дейін гүл атаулыны іздейтін халық қарасы көп болды. Бірақ гүлді тасымалдаушы да, сатушы да болмады. Тек наурыз айында ғана бірен-саран дүкенде гүл сатылады. Оның өзі уақытша мерзімге. Ал халыққа отбасылық мерекелерде, түрлі қуанышта талғамына қарай гүл де, сыйлық та керек. Менің гүл сатумен айналысуыма түрткі болған осы жағдай, – деп гүл сатудың қыр-сырын айтып берді.

Касипке талап кылган жандар

– Мен – флорист емеспін. Дегенмен бұрыннан ойымда болған, жаным сүйетін кәсіпті еш шімірікпестен бастауға бел будым. Алғашында раушан гүлі мен қызғалдақты ғана сатып алып үйренген аудан тұрғындарын өзге гүлдер қызықтыра ала ма екен деген сауал болды. Нар тәуекелге салдым. Үйімнің бір бөлмесін гүл сақтайтын орынға айналдырдым. Бөлме де гүлді сақтауға қолайлы болуы керектігін ескердім. Кейін тапсырыс қабылдай бастадық. Гүлдің раушан, қызғалдақтан бөлек, гербер, бақытгүл (хризонтема), қалампыр, альстремерия, аққаңбақ (гипсофила) және т.б. түрлеріне тапсырыс артты. Әкелген гүл жинақтары бір күнде сатылып кетіп жатыр. Бұны аудан тұрғындарының гүлге деген талғамы кеңейгенінің көрінісі деп білемін. Себебі таңсық дүниені білмекке ұмтылу – дамудың белгісі. Тек аудан орталығы ғана емес, ауданымыздың кез келген елді мекені, ауылдардан алдын ала тапсырыс қабылдаймыз. Тұтынушының талғамына сай гүл жинақтарын жеткіземіз. Жоғарыда гүл сатудың машақаты бар деп едім ғой. Бізге қиындық тудырғаны – сақтау орны мен облыс орталығынан аудан орталығына гүлді қаз-қалпында жеткізу. Бұл ретте ауданымыздың такси жүргізушілері де түсіністік танытты. Ал тұтынушыға гүлді жеткізу қызметі тегін, – дейді жас кәсіпкер.

Әсем Болатқызы ауданымызда тек гүл ғана емес, ер және әйел адамдарға қажет өзге де өнімдерді сатумен айналысады. «Ersag» компаниясының менеджері екені тағы бар.

Келесі кейіпкеріміз – жаңажолдық кәсіпкер Эльвира Қайран. Жас кәсіпкер Түркия елінен сапалы тауарларды сатып алумен және оны сатумен айналысады. Бір айта кетерлігі, кәсіпкер тауарды Жалпақтал ауылындағы «Керуен» сауда үйінде саттыққа шығарады. Қазақстанның кез келген өңіріне жеткізу қызметін де қоса ұсынып отыр. Бұл ауданымыздағы шағын орта бизнестің дамуына сеп болары сөзсіз. Себебі ауданымызды аты өзге аймақтарда естіліп, кәсібіне оң баға беріп жатса, нұр үстіне нұр. Эльвира Асылбекқызы – бұл кәсіпке «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» барып кіріскен жан. Кәсібі жөнінде әңгімесін былай тарқатты.

– Кез келген адам үшін кәсіп бастау қиын болып көрінеді. Себебі кәсіп инвестицияны қажет етеді. Дегенмен сол инвестицияны қайтарып алу да, жоқ қылу да өзіңіздің қолыңызда. Кәсіпкерлік тұрғысында білімді жетілдіру аса қажет. Содан соң тұтынушымен байланыс орната білу керек. Өз басым кәсіпті бастамас бұрын білімімді жетілдірдім. Кейін Түркия елінен тауар жеткізу тетіктерін меңгере бастадым. Қазіргі таңда кәсібіммен айналысып жатқаныма үш айға жуық уақыт болды. Ал басты тауарларым – әйелдер киімі. Нәзік жандылардың күнелікті тұрмысына қажет киім-кешек, сөмкелер, аяқ киімдер және т.б. Келесі тауарға тапсырыс бермес бұрын әлеуметтік желі арқылы сауалнама жүргізіп, қандай зат қызықтыратыны жөнінде тұтынушылар пікірін сұраймын. Тұтынушының ойы біз үшін өте маңызды, – деді ол.

Эльвира Қайранның кәсібінің өзіндік стилі бар. Тауары да сұранысқа ие, бағасы да қолжетімді.

Міне, ауданымызда көпке енді танылып келе жатқан жас кәсіпкерлер бар. Біз мемлекеттік бағдарламалар арқылы емес, өзінің табысын кәдеге жарату арқылы пайда тауып отырған жандарды тілге тиек еттік. Бұл өзге де аудан тұрғындарына үлгі болуға тиіс. Өйткені алмағайып заманда «Мемлекет маған не береді?» деп өмір сүре беру – өткеннің әңгімесі. Қазір өзіңіз үшін, өмір үшін күреске ұмтылып, жан-жақты ізденіп, біліміңізді жетілдіріп, қабілетіңізді шыңдауыңыз керек. Бір жалақыға қарап күн кешуге болады, ал оны үнемдеп, тиімді пайдалана білсеңіз, қаржылық сауатыңыз да артып, тұрмыстық мәселелер де шешімін таппақ. Сіздің де жеке кәсіппен айналысуыңызға мүмкіндік мол.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале