4.12.2024, 19:00
Оқылды: 9

Кәсіпкер арулар ауданаралық іскерлік байланыс орнатуға ынталы

Бәйтерек ауданында өткен іскер әйелдер форумында меймандар назарына бесік пен кәсіпті тең ұстап жүрген іскер бұрымдылардың «Ауыл аманаты» және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік грант жобасы аясында ұйымдастырған көрмесі ұсынылды.

cb9afb3f-1754-444e-9732-04ef49f029fd

Он саусағынан өнер тамған арулармен қонақтармен тілдесіп, іскерлік байланыс орнатуға ұмтылды.

Көрмеге ерекше бұйымдарын әкелген шеберлер қатарында Переметный ЖББОМ ұстаздық қызмет етіп, осыннан зейнетке шыққан, қазіргі таңда Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында халықтық «Әже сәлемі» ансамбльінің өкілі, тұмарша, түрлі вазалар, жасау дайындауды жолға қойған қолөнерші Манзиля Нұрмағанбетова да бар. Биыл ол V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары арасында өткен «Аламан» құрақ жобасына қатысып, жасаған өнімдері "КИНЭС" Қазақстан рекордтар кітабына енген. Алтын қолды шебердің бұл бағытта жеткен жетістіктері де мол, жасаған бұйымдары да көздің жауын алады.

893f950c-073b-469b-ae1a-83f22c2348a6
Сондай-ақ көрмеге экологиялық таза өнімдер, қол-өнер бұйымдары, ұлттық киімдер мен қолдан пісірілген тәтті-дәмділер шығарылды. Келуші қонақтар ұсынылған бұйымдарды тек тамашалап қана қоймай, ұнағанын өзіне сатып алуларына да жағдай жасалды.
Үкілі сәукелелерімен көрменің көркін кіргізген қолөнерші – Баянсұлу Галиуллина. Өнерлі жерлесіміз хоббиін кәсіп көзіне айналдыруды ойламаған. Идеясын шабыты келгенде, жан қалауымен жасағанды жөн көреді. Оның айтуынша, мың жылдар бойы формасын өзгертпей, бастапқы мәнін жоймай келе жатқан ұлттық нақыштағы айрықша баскиіміміз – сәукеле. «Еуропа қыздары басына ақ фатасын киюді армандаса, біздің қазақ қызы үшін сәукеле кию үлкен бақыт болған. Бұл сәукеленің де түрі көп. Мысалы ең дәулетті байлардың қыздарының жасауының өзі өте қымбат бағаланған. Сәукелесі 500 жылқы тұратын қалыңдықтар өткен қазақта. Қыздың лайық құрметі сол шығар»,-дейді шебер.
- Іскер әйелдер кеңесінде 100-ге жуық белсенді мүшеміз бар. Олар әртүрлі салаларда жұмыс істеп, өз кәсіптерін табысты жүргізіп келеді. Олардың қатарында кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері, сондай-ақ шығармашылықпен айналысатын жандар да бар. Мысалы, тәтті-дәмділер өндірісі өте сұранысқа ие және жергілікті нарықта үлкен табыс әкелуде. Бүгінгі іс-шараның тағы бір маңызды аспектісі — жерлестерімізге мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңірек мәлімет беріліп, шеберлік сағаттары өткізілуі. Бұл форумның қатысушылары өз кәсіптерін дамытуға қажет жаңа білім мен тәжірибе алады. Мұндай шаралар бізге кәсіпкерлік саласында жаңа белестерге жетуге мүмкіндік береді, -дейді аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсел Ижанова.

Елена Тарасенко
Ал Ақжайық ауданы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, жеке кәсіпкер Ләззат Сейіткереева болашақта кәсіп көкжиегін кеңейтіп, өнімін Бәйтерек ауданында да өндіруге ынталы екенін жеткізді.
- Біздің Тайпақ ауылында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында іске қосылған өзіміздің шағын цехымыз бар. Бұл цехта біз қой жүнінен түрлі өнімдер жасап шығарамыз. Бүгінгі форумға осы өнімдерімізді алып келдік. Қой жүнінен жасалған шәркей мен пималарымызды көрмеге қойып, бәйтеректік әріптестерімізге қолдау көрсету мақсатымен қатысып отырмыз. Сондай-ақ бүгінгі форумның басты мақсаты — іс-тәжірибе алмасу, жаңа мүмкіндіктер мен тапсырыстарды табу. Өнімдерімізге сұраныс өте жақсы, және біз осы іс-шарадан да тиімді байланыстар орнатуды күтеміз. Бұл біздің бизнесімізді одан әрі дамыту үшін жаңа серпін береді. Сонымен қатар, мен аудан әкімі Марат Лұқпанұлын өнімдерімізбен танысу үшін Ақжайыққа шақырдым. Егер серіктестік ұсыныстары түсер болса, болашақта осы ауданнан да жаңа цех ашу мүмкіндігіне үміт артамыз. Әрине, бұл бағытта жұмыс істеу оңай емес. Өндіріс орнын ашып, оны дамыту кәсіпкерлер үшін үлкен жауапкершілік пен қиындықтарды талап етеді. Мен осы саламен екі жылдан астам уақыттан бері айналысып келемін. Осы уақыт ішінде көптеген қиындықтармен бетпе-бет келдім. Бірақ, Аллаға шүкір, менің ауылым мен ауданым әрқашан қолдау көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта шикізат жеткілікті. Шаруа қожалықтарының иелері өздері әкеліп тапсырады қой жүнін, бұл біздің цехымыз үшін үлкен көмек.
Біз осындай форумдар арқылы өзара байланыс орнатып, тәжірибе алмасып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға тырысамыз. Бүгінгі күні біз үшін ең маңыздысы — сапалы өнім шығару және өз өніміміздің сұранысын арттыру. Сондықтан осы форумды ұйымдастырушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз, - деді ол.

Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале