Былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында бәйтеректік кәсіпкер, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Асанов өз қаражатына Бәйтерек ауданы Краснов ауылдық округіне қарасты Погодаев ауылына зәулім мәдени-спорттық кешен салып берген болатын.
Содан бері кешен ауыл жастары мен мектеп оқушыларының сүйікті орнына айналды. Бүгінде жастар спорт кешеніне келіп, бос уақыттарын өткізеді. Жігіттер жағы футбол, волейбол ойнаса, нәзік жандылар үстел теннисін ойнап, би залында уақыт өткізеді.
Қашан да ауылын ойлайтын атымтай азамат Бейбіт Асанов күні кеше мәдени-спорт кешеніне 18 татами алып берді. Енді күреске қызығушылығы бар ауыл балалары татамиге бой үйретуде.
-Бейбіт Батниязұлының ауылға деген қамқорлығы ерекше. Тек ғимаратты салып беріп қана қойған жоқ, ішіне қажетті допқа дейін алып берді. Енді татами сыйлап отыр. Өкінішке орай, ауыл балаларын күреске баулитын бапкер жоқ. Бірақ жастар өз еркімен жаттығу жасап жүр,- дейді ауыл әкімі Жұмабай Сатаев.
Айта кетейік, бүгінде жаңа мәдени-спорттық кешенде волейбол үйірмесі ғана жұмыс жасап тұр. Ауыл әкімдігі болашақта ауыл балаларын күреске және басқа да спорт түрлеріне жаттықтыратын бапкерлерді шақыртпақшы.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz