18.08.2023, 15:15
Оқылды: 50

Кәсіпкер саны күн санап көбейіп келеді

Бөкей орда ауданының басшысы Нұрлыбек Даумов жас кәсіпкерлермен кездесті. Аталмыш жиынға «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының басшысы Бибігүл Жұмағұлова, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің маманы Ерлан Нүркенов қатысты.

ЖАСТАР

- Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау да көп. Жеке бизнестің жілігін шағып, жемісін көргісі келгенге таза ниет болса болғаны. Ол үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін дегенге мол мүмкіндік берілуде. Осындай мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысып, шағын бизнесін шарықтатып отырған аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбеюде. Бұл қуанарлық жайт. Себебі – жұмыссыздар саны азайып, жұмыс көзі ашылуда, – деді Нұрлыбек Даумов.

Кездесу барысында кәсіп иелері өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойып, шешімін таппаған мәселелерін ортаға салды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы талқыланған болатын.

- Жалпы «Ауыл аманаты» пилоттық жоба. Бастапқы кезде сүтті және егін егуге арналған несие болатын. Дегенмен біздің ауданның жері сүтті малға арналмағасын жоба бағытын өзгерту талқыға салынып, оң шешім қабылданды. Сонымен қатар аз пайызды несие басқа да кәсіптерді ашуға мүмкіндік береді. Қоса айтсақ, тіпті аталмыш жоба ұсынатынн несиеге бизнесіңізге арналған ғимаратыңызды алуға болады, – деді Ерлан Нүркенов.

Жас кәсіпкер Алтынбек Құресов ғимаратқа қатысы өз пікірімен бөлісті.

– Ауданда fastfood-пен айналысып бастаған алғашқылардың бірімін. Кәсібімді кезінде жастарға арналған қайтарымсыз гранттан бастаған едім. Өнімдеріме сұраныс болғасын жерде бизнесім алға басты. Бірақ ғимарат өзекті мәселе болды. Жалға алған ғимараттардың бірі келмесе, екіншісіне көңілім толмайтын еді. Тіпті жалға пәтер алып, тек үйден жеткізу арқылы да жұмыстандым. Күндердің бірінде аз пайызды несие туралы естіп, ата- анаммен кеңесіп, үйімізді кепілге қойып несие алатын болып шештік. Сол несиенің арқасында ғимаратқа қол жеткіздім, – деді Алтынбек Құресов.

Өз кезегінде Бибігүл Жұмағұлова тек мал шаруашылығына тоқталмай, басқа кәсіп түріне назар аударған дұрыс екенін айтты. Филиал басшысының айтуынша, ауданда кәсіптің қай-қай түрі де тиімді екен. Себебі нарықта бәсекелестік жоқ екенін жеткізді.

Жиында жер мәселесі де қозғалды.

- Қазіргі таңда алған жерін пайдаланбаған азаматтармен түсінік жұмысы жүргізіліп, жер мемлекет меншігіне қайтарылуда. Сол жерлер міндетті түрде конкурсқа салынады. Дегенмен жылдан-жылға аудан көлеміндегі жер жетіспеушілігі байқалады. Себебі де анық. Қазіргі таңда біздің аудан етпен өзін-өзу қамту көрсеткішін үш есе орындап отыр. Сондықтан басқа кәсіп түрлеріне басымдық беру қажет. Мысалы, қонағы көп Хан ордасын туризм орталығы ету. Осы жағдайды пайдаланып туризмге қатысты кәсіппен айналысуға болады, – деді аудан басшысы.

Аслан Шапихов АШӨК-ке біріккен азаматарға мемлекет тарапынан қандай жеңілдік болатынын сұрады.

–Жеңілдік көп, мысалы, ірі қара малға берілетін субсидияны айталық. Жеке тұлға мұндай көмекке қол жеткізе алмайды. Сонымен қатар субсидияны сүт және ет өніміне алуға болады. Жеңілдіктер қажетті арнайы техникаға да бар. АШӨК-ке біріккен азаматтар ауылдың мал бағымын ұйымдастырамын десе, жер мәселесінде қарастыруға болады, – деді спикерлер.

Бизнес дамытуға арналған аз пайызды несие арқылы кәсібін дөңгелеткен Мальдина Шакирова тәжірибесімен бөлісті.

– Кәсібімді қайтарымсыз грант «Бизнес бастау» жобасы арқылы бастадым. Басты кезде екі бас малдан бастап едім. Үш жылдың ішінде алты бас болды. Нақты сүт өнімімен айналысып, өте тиімді екеніне қол жеткіздім. Бизнесімді кеңейту мақсатында баспанамды кепілдікке қойып аз пайызды несие алдым. Несие сомасына 12 бас қашар, конкурсқа қатысып, жер алдым. Ендігі таңда нақты сүт өнімімен айналысуды мақсат етіп отырмын, – деді кәсіпкер Мальдина.

Жиын барысында аудан орталығына ет және сүт өнімдеріне арналған киоск ашу мәселесі аталды. Аталмыш нысан сүт және өнімдерін тек жәрмеңке немесе whatsapp чаттары арқылы емес, барша ауыл тұрғынына алуға мүмкіндік беретіндігі айтылды. Аудан әкімі ет және сүт өнімдерін сататын орынмен қатар ауыл орталығында супермаркет ашу мәселесіне тоқтала кетті.

Нұрлыбек Даумовтың айтуынша, бұл мәселе күн тәртібінде қаралуда екен. Жергілікті кәсіпкерлер қызығушылық танытпаса, көршілес Жәнібек ауданының кәсіпкерлеріне ұсыныс тасталғанын айтты.

Темхар Рахметолла,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале