Байқайсыздар ма, бүгінде көпшілік арасында әлемдік брендтерге емес, ұлттық нақыштағы киім-кешек, кәдесыйлар сұраныс артып келеді. Тіпті той-қонақтықтарда да аса қадірлі меймандарға тартатын дәмді де ұлтық нақышпен көздің жауын алатындай етіп әдемілеп жасайды. Қазақы болмысымызды аша түсетін мұндай үрдіс, әлбетте, көптің көңіліне қонымды, жоғымыз табылып, кеткеніміз қайта оралғандай әсерге бөлейді. Оған биыл Ұлыстың ұлы күні Наурызды тойлағанда әбден көзіміз жетті. Жұрт бір-бірін әлемдік бренд, сәнмен таңғалдырмай, керісінше үлкендеріміз камзол киіп, мектептегі ұл-қыздар ұлттық нақышта тігілген киіммен тамсандырды.
(Фото Гүлнұр) Біздің ауданда да ұлттық болмысымызды аша түсетін осы кәсіпті қолға алған аруларымыз бар. Бүгінгі мақаламызда сол кәсіпкерлердің екеуінің еңбегін назарларыңызға ұсынбақпыз Бірі тақия, камзол, кәзекей тігіп, тұтынушыларға ұсынса, енді бірі ұлттық нақышта тәтті кәдесыйлар дайындап, кәсібін дөңгелентіп келеді.
– Адамды арманы мен мақсаты алға жетелейді. Тек уақытты текке өткізіп алмай, заман ағымынан қалмай, тірлік ету қажет. Кейде біз бір істі қолға алуға жүрексінеміз, сескенеміз. Алайда бастап кетіп, біраз уақыттан кейін еңбегіміздің нәтижесін көргенде, «осыны расымен мен істедім бе, қолымнан қалай келді?» деп таң қалатынымыз рас, – дейді алғабастық жас кәсіпкер Гүлнұр Әділова. Ол қазіргі уақытта шағын ғана ауылда түрлі тәттілерді өзі жасап, бизнесін дөңгелетіп отыр. Алдымен үйде өзінің қонағына ұсынған дәмнен басталған еңбек бертін келе өзінің сүйікті ісіне айналды.
– Басында тортқа тапсырыс алып жүрдім. Тәтті пісіруге бұрыннан әуеспін. Сол әуестікпен телефонда түрлі тағам дайындаған небір шеберлердің видеодәрістерін қалт жібермеу әдетке айналды. Бірде шоколадтан бір бума гүл шоғын жасаған шебердің ролигі көзіме оттай басылды. Қарап отырсам, түк қиындығы жоқ. Шоколадты түрлі қалыпқа құйып, пішіндеп, көзді ашып-жұмғанша, әп-әсем гүл шоғын дайындап берді. Мен де тырысып көрмекке бел байладым. Сол кез 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңы бола қалуын да қараңызшы... Жұбайымнан 20 мың теңге ақша сұрап алып, қажет ингредиенттің бәрін ауылға жеткіздім. Роликтегідей әп-сәтте жасап шығу қайда, гүлдің пішінін келтіре алмай, біраз тер төктім. «Қалауын тапса, қар жанар» деген, сәтті шыққан алғашқы шоколд гүл шоғын саттыққа шығардым. Ауылда сауда қалай жүреді, алдымен бір адам сатып алып, көңілінен шықса, өзгелерге жарнамалайды. Осыда да тап солай болып шықты, алғашқы клиентім ауылдастарыма мақтап, артынан тағы тапсырыс түсіп, жасаған дүниемнің бәрі тез өтіп кетті. Жасырып қайтейін, іске салған 20 мың теңгем бір күнде он есе артып қайтты. Әрине, маңдай термен тапқан табысым ғой, әдемі көйлек алып, әшекейге жұмсауыма болар еді. Бірақ нарықтың заңдылығы сол, бастапқыда әр түскен қаражат істі әрі қарай дамытуға жұмсалуға тиіс. Алғашқы талпынысымның сәтті болғаны қанат бітірді-ау деймін, бар ақшаға алда келе жатқан 22 наурызға арнап, ұлттық нақыштағы формалар сатып алдым. Содан ауылдастарым қобыз, домбыра, түйе, жылқы бейнесіндегі тәттілерден дәм татты, – деп баяндай бастады табыс хикаясын Гүлнұр Берікқызы.
Осы сөздерден-ақ оқырман кейіпкеріміздің өте алғыр, қағылез, пысық, болашағына нық жоспар құра алатын жан екенін байқаған шығар. Осыдан кейін тапсырыстың түр-түрі ағыла бастайды. Құдалыққа, тойға ұлттық нақыштағы тәттілерден себет жасауға сұраныстар көбейген үстіне көбейе түсті. Оның айтуынша тәтті шоколадтарға тапсырыс белгілі бір маусымда ғана көбейеді екен, әсіресе қыс уақытында жақсы өтеді, күн ыссыда алыс жолда еріп кететіні де түсінікті.
Шебер басында бизнесінің қалай жүретінін бағамдап, арзан шоколадтардан кәдесый жасаған екен, әлбетте өнімнің бағасы шикізаттың сапасына сай. Қазір бәрі бір ізге түсіп, тұрақты клиенттер көбейгесін, бельгиялық, итальяндық қымбат шоколадтардан жасалған түрлі тәттіні саудаға шығаруда. Қымбат шоколадтың бір ерекшелігі – олар тез еріп кетеді, сондықтан одан дәм дайындауға уақыт көп кетеді екен. Арзанның аты арзан, бағасы төмен шоколадтан жасалған тәттінің пішіні келісті болғанымен, дәмі өзгешеленіп тұрады екен. Сондықтан машақаты көп болғанымен, Гүлнұр қазір өнімдерін табиғи шоколадтан дайындайды.
Әлбетте, хас шеберге алақандай ғана Алғабастың аясы тар екені сөзсіз. Бертін келе Ақсай қаласындағы дүкендерге тапсыру үшін анасына торттарды жолдап отырса, қазір ол Оралдағы гүл сататын екі дүкенмен келісіп, өнімдерін сонда саттыққа шығарады.
Қазір кәсіпкерлікке қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалар көп. Біреуіне іліге алмасаң, келесісінде бағыңды сынап көп. Гүлнұрдың да басынан осындай жағдай өтіпті. Ол алдымен «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы арқылы кәсібін кеңейтуге тырысып көрген. Бірақ елімізде шоколад шығарғанымен шикізат шет елдерден алынатын болғасын өте алмай қалыпты. Ал бағдарламада жобаға қажет барлық шикізаттың отандық өндірістен шығарылуы шарт ретінде көрсетілген. Бірақ оған мойып, жаси қоятын кейіпкеріміз жоқ, ол жас кәсіпкер ретінде бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған шағын грантқа құжаттарын тапсырып, комиссия жобасын мақұлдайды. Қолына түскен қаражатына осыған орай алдын ала жөндеп қойған ас бөлмесіне мұздатқыш, газ плита алып, кәсібінің аясын кеңейтеді. Қазір кондитерлік кәсіппен қатар суши, донер дайындаумен де айналысып жүр.
– Біздің ауылда суши, бургер секілді жеңсік ас ұсынатын орын жоқ, отбасымызбен қалаға барғанда, дәмін тәтіп, жеп жүрдік. Астың осындай түрін дайындаудың небір тәсілі ғаламторда көп-ақ. Солардың денсаулыққа ең пайдалысын таңдап, үйдегілерге дәм татырдым. Жұбайыма ұнап, «Осыған тапсырыс алсаң қайтеді» деп сұрады. Маған сеніп, алғаш кәсіпті бастағанда, қолдау көрсеткен өзі, сондықтан бұл істің де қолымнан келетініне мен де сенімді болдым, – дейді шебер.
Дереу Алматыда тұратын абысынымен хабарласып, сол арқылы донер, суши дайындайтын құрал-саймандарын алдыртты. Алғабастықтарға енді жеңсік ас іздеп қалаға барудың қажеті жоқ, телефонмен хабарласып, Гүлнұрға тапсырыс берсе, қажетін әп-сәтте пісіріп, жеткізіп береді.
– Әрине, астың түр-түрін дайындап үйрендім. Бірақ солардың ішінде көңіліме ең жақыны – ұлттық нақышта дәмді кәдесыйлар. Бұл жерде қиял, ептілік, епсектік қажет. Қиялыңа қанат бітіріп, түрлі пішінде безендіріп, ұлттық нақышпен әрлесең, нағыз ғанибет, әрі өзіңнің еңбегіңнен ләззат аласың. Әлеуметтік желіге осындай үлгідегі кондитерлік өнімдерді салғанда, ел-жұрт тамсанып жатады, тапсырыс та жетерлік, – деп ағынан жарылды Гүлнұр.
Кейде Алғабастан жыраққа кетіп, ұзақ уақыт болмай қалса, ауылдастары саусағынан бал тамған шеберге тыным бермейтін көрінеді. Ісінің халқына жаққанына риза Гүлнұр әрмен қарай кәсібін дамытып, шаруасын өрге сүйремек.
Соңғы уақытта ұлттық киімді тек ұлттық мерекелерде ғана емес, күнделікті киіп жүру сәнге айналғаны байқалады. Осыған орай ұлттық нақышта безендірілген сәнді киімге сұраныср көбейіп, тапсырыс берушілер саны артуда. Халықтың тарапынан туындаған бұл қызығушылық, әрине, жаңа жұмыс орындарын ашуға тамаша мүкіндік болып табылады. Ұлттық қолөнердің тізгінін ұстап, өз кәсібін ашып, жұмыс көзін тапқан тағы бір кейіпкеріміз – Чапаев ауылының тұрғыны Ақтоты Аймұқашева. Қазіргі уақытта аудан орталығынан «Тұмарша Lаdy» маталар дүкені мен ателье ашып отыр. Мұнда ол маталар сатумен қатар ұлттық нақыштағы киімдер, терезе жапқыштар, көрпе, т.б. бұйымдарға тапсырыс қабылдайды.
Анасы Гүлсара тігіншілікке баулып, қолөнердің қыр-сырын меңгеріп өскен кейіпкеріміз бала күтімімен демалыста отырғанда, түрлі киім, бас киім, жемпір, сонымен қатар балабақшадағы баласына ертеңгілікке сан алуан костюмдер тігуден бастаған екен кәсібін. Шебердің қолынан шыққан дүниеге қызыққан өзге де балалардың аналары – оның алғашқы тапсырыс берушілері. Балабақшадағы балдырғандарға киім тігуден басталған кәсіптің ауқымы біртіндеп кеңіп, бүгінде, міне, дербес ательеге айналды. Ақтоты Мұратқызы да алдыңғы кейіпкеріміз секілді бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған шағын грантты ұтып алып, оған тігін мәшіңкелерін алып, орталықтан бір бөлме жалға алған. Қиындықсыз ештеңе болмайды, сол кез бүкіл әлемді коронавирус құрсауына алған шақ еді. Өздері шектеліп отырған халықтан қайбір тапсырыс көп болсын, азын-аулақ қана уақ-түйек жөндеу жұмыстары түсетін. Сонда да бастаған ісін тастамай, сол күндерде ең қат бетперделерді тігуге кіріседі.
– Жастық максимализм деген болады ғой, кәсіпті бастаған күннің ертеңінде тапсырыс үсті-үстіне түсіп, ақшаның астында қалатындай ойлайтынмын. Шынтуайтына келгенде, қай-қай істің де өз қиындығы болады екен. Ел басына туған қиын күндер қадамын жаңа бастаған кәсіпкер маған ауыр тиді. Бірақ жолдасым, ата-енемнің қолдау білдіріп, сенімділік танытқаны күш берді, – деген Ақтоты алғашқы сәтсіздікке мойымау керектігін, керісінше қателіктен сабақ алып, алға талпыну шын кәсіпкерге қажет қасиет екенін айтты.
Ақтотыға түскен ең үлкен тапсырыстардың бірі – туған күнге орай отағасы мен отанасы, балаларына бірегей сәнмен ұлттық нақышта киімдер тігу. Осындай қомақты тапсырысты ойдағыдай орындаған шебер отбасының алғысына бөленді. Сонымен қатар ол бірнеше ауылдық округтердегі өнерпаз оқушыларды да киіндіріп шығыпты. Бір тапсырысты орындап шығу үшін шебердің жоқ дегенде 4-5 күн уақыты кететін көрінеді.
«Шебердің қолы ортақ» деген, кейіпкеріміз өзінің тәжірибесін өзгелермен бөлісіп те жүр. Ол грант үміткерлері, үйде отырған аналарға қосымша тігін курстарын ұйымдастырып, дәріс өткізеді. Тек аудан ғана емес, оның сабақтарына Бәйтерек, Теректі аудандарынан келіп қатысқандар бар. Шеберден үлгі алғандардың көбі қазір грант ұтып алып, өз істерін бастап кеткен.
– Мен тек тігіншілікпен ғана айналыспаймын, саудада да бағымды сынап бастадым. Қазір дүкенде қолөнерге қажет бұйымдар, маталардың түр-түрін, яғни сәтен, масаты, жұқа киіз тебіскі (фетр), синтепон саттыққа қойылған. Мұның бәрін Алматы, Шымкет қаласынан алдыртамын. Бағалары Оралдағы дүкендерден арзан, – дейді ол.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дейді дана халқымыз. Өзінің көмекшісі үлкен қызы Інжу – 8 сыныптың оқушысы. Байқампаз жасөспірім анасының қасынан қалмай жүріп, тігіншіліктің қыр-сырын үйреніп алған. Қазір шашбау, шекелік сынды ұлттық нақыштағы әшекейлерді жасап, Ақтотыға қолғабыс болуға жарап қалды.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz